Аудан спортшылары марапатталды
Тамыз айының үшінші жексенбісі - байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген спортшылардың кәсіби мерекесі. Осыған орай, кеше аудан әкімі Руслан Рүстемов аудан спортшыларын қабылдап, мерекемен құттықтады.
- Спорт - халықтарды достастыратын, денсаулықты нығайтатын, салауатты өмір салтын қалыптастыратын үлкен сала. Осы спортпен кәсіби түрде айналысып, ел намысын қорғап жүрген жандар түрлі деңгейдегі жарыстарды үлкен жетістіктерге жетіп келеді. Негізі, Мемлекеттік Ту шет мемлекеттерде Ел Президенттері барғанда көтерілсе, сондай-ақ спортшылар жеңіске жеткенде де байрағымыз көкте желбірейді. Осындай спорттық бәсекелерде бақ сынап жүрген сырдариялық спортшылардың жетістіктері аз емес. Олар халықаралық, республикалық додаларда топ жарып келеді. Бұл ауданда спорттың бұқаралық сипатын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстардың жемісі. Алдағы уақытта да осы жұмыстар жалғасын табады. Оның ішінде жуық арада Тереңөзек кентіне футбол алаңы салынатынын ерекше атап өткен жөн. Карантин кезеңінде аудан спортшылары елмен бірген екендіктерін дәлелдеп, аудандық ауруханаға қажетті тыныс алу аппаратын алуға қолдау білдірді. Сол үшін зор алғысымды білдіремін, - деген аудан басшысы бірқатар спортшыларды марапаттады.
Мерекелік қабылдауда Оразбек Дәулетиярұлы, Мұрат Тұрымұлы, Шыңғыс Сәбитұлы, Ғалымжан Сейілханұлы, Нұрлыбек Еркінұлы, Бексұлтан Хасенұлы және Ақерке Батырбекқызы аудан әкімінің "Алғыс хатымен" марапатталды.
Айта кету керек, аудан бойынша 11528 спортшы жүйелі спортпен айналысуда, бұл 30,01 пайызды құрайды. Есепті мерзімде ауданда 58 дене шынықтыру және спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 5911 қатысушы тартылған. Аудандық және аудандық ашық деңгейде 58 жарыс ұйымдастырылды.