Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас спортшыларға сәттілік тіледі

Жас спортшыларға сәттілік тіледі

Сырдария ауданында көгалдағы хоккей спорты жақсы дамыған. Әлемдік жарыстарда талай мәрте чемпион атанып, ел намысын қорғаған спортшылардың басым көпшілігі сырбойылық өрендер екені белгілі. Бұл жетістік пен нәтижелі жұмыс Сұлтан Қобландин бастаған білікті жаттықтырушылардың ұзақ жылғы еңбегі мен ізденісінің негізінде келгені анық.

Көгалдағы хоккей спортымен шұғылданушы аудан жастары осы аптада Талдықорған қаласына жарысқа аттанбақ. Бұл сырдариялық спортшылар үшін үлкен сапар әрі оларға жүктелетін жауапкершілік жүгі де жоғары. Сондықтан арман мен мақсат, жеңіске деген ұмтылыс пен сенім ұштасқан сәтте аудандық мәслихаттың ең жас депутаты, «АМАNАТ» партиясының Сырдария аудандық филиалының «Жастар рухы» жастар қанатының жетекшісі Ақтөре Ибрагимұлы спортшылармен кездесіп, оларға сәттілік тіледі.

– Мен көгалдағы хоккей федерациясының мүшесімін әрі сіздердің тұрақты жанкүйерлеріңізбін. Отандық спортшылардың барлық жарысына мән беріп, ақпараттық қолдау көрсетіп, тілектес болып келемін. Талдықорғандағы жарыста да бізді қуантып, есімі елге белгілі жаттықтырушы, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Сұлтан Қобландин ағайларыңыздың сенімін ақтап, жеңіске жетесіздер деп сенемін. Шын жүректен сәттілік тілеп, талаптарыңыз оң болсын дегім келеді, – деді аудандық мәслихаттың ең жас депутаты, «АМАNАТ» партиясының Сырдария аудандық филиалының «Жастар рухы» жастар қанатының жетекшісі Ақтөре Ибрагимұлы.

Мұнан соң білікті бапкер Сұлтан Қобландин бұқаралық спортты дамыту, оның ішінде көгалдағы хоккей спортымен шұғылданушылар санын арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпараттармен бөлісті. Жастардың көгалдағы хоккей спортына қызығушылығы жоғары екенін атап өтті. Ашық аспан астында ұйымдастырылған кездесуде жас спортшылар өз ойларын ортаға салып, сенімді ақтайтындарын жеткізді. Іс-шара соңында спортшылар естелік суретке түсті.



"ТТ" ақпарат


24 шілде 2022 ж. 617 0