Білім қызметкерлері бақ сынады
Республика күні қарсаңында ауданда білім қызметкерлері арасындағы облыстық спартакиада өткізілді. Ұстаздар қауымы спорттың бірнеше түрі бойынша бақ сынаған жарыс өз мәресіне жетіп, үздіктер анықталды.
Спорттық іс-шараның ашылу салтанатына облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ә.Ізімбетов арнайы қатысып, білім қызметкерлерін мерейлі мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Республика күні мерекесі – егемендікті ұлықтайтын ең басты мереке ретінде қайта жаңғыруда. Бұл күні біз Тәуелсіз еліміздің тұғырын дәріптеп, жас ұрпаққа татулық пен тұрақтылықты насихаттай білуіміз керек. Бұл жолда білім қызметкерлерінің қосар үлесі зор. Сондықтан мереке аясында спорттық іс-шара ұйымдастырып отырмыз. Жарысқа қатысушы облыстың педагог қауымына сәттілік тілеймін, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Облыстық спартакиадаға қала және аудандардан барлығы 250-ге жуық педагог қатысты. Олар спорттың шағын футбол, ерлер және әйелдер арасындағы волейбол, үстел теннисі түрлері бойынша өзара кездесулер өткізіп, кім мықтыны анықтады. Үш күнге созылған спорт додасының нәтижесінде жалпы командалық есепте І орынды Қызылорда қаласы иеленсе, ІІ орын Шиелі ауданына бұйырды. Ал жүлделі ІІІ орынды Қазалыдан келген ұстаздар жеңіп алды.
Сондай-ақ, іс-шарада спорттың шағын футбол, ерлер және әйелдер арасындағы волейбол, үстел теннисі түрлерінен үздік атанған ойыншылар марапатталды. Командаларға облыстық білім басқармасы мен кәсіподақ ұйымының «Алғыс хаты» мен арнайы сыйлықтары табысталды.
Айта кетейік, үздік шыққан жеңімпаз командалар Тараз қаласында өтетін республикалық бәсекеге қатысып, аймақ намысын қорғайтын болады.
«ТТ» ақпарат