Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ СПОРТШЫЛАРЫ ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ СПОРТШЫЛАРЫ ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

Байқоңыр қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесіне арналған VI облыстық халықтық спорт ойындары мәресіне жетті.
Астананың – 20, Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай ұйымдастырылған дүбірлі додаға келген командалар спорттың 12 түрі бойынша сынға түсті.
Волейбол мен қол күресте жалағаштық спортшылар мықтылық танытса, гір тасын көтеруде сырдариялықтардан алдына жан салмады. Ал үстел теннисі, шахмат, стритбол, стрит воркаут, тоғызқұмалақ, дойбы, шағын футболдан Қызылорда қаласы мен Жаңақорған ауданы командасы жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Стритбол мен волейболдан ерлер арасында жұлдызды қаланың өкілдері алдыңғы орынға шықса, қазақ күресінен қармақшылық балуандар басым болды.
Ойындардың бас төрешісі, облыстық спорт және дене шынықтыру бас-қармасы бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Ғалым Сиқымовтың айтуынша, жеңімпаздар республикалық ойындарда бағын сынайтын болады.
– Байқоңыр қаласының спорттық инфрақұрылымы осындай жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Облыс ойындарындағы жеңімпаздар қыркүйек айында Ақтау қаласында ҚР Президенті жүлдесі үшін өтетін республикалық халықтық спорт ойындарына қатысады, – деді ол.
Айта кетейік, спорттық шараға мыңнан астам адам қатысты. Ал жалпыкомандалық есеп бойынша Қызылорда қаласының спортшылары бірінші орынды иеленді. Келесі жүлделі орын Жаңақорған ауданы тұрақтаса, байқоңырлық спортшылар үшінші орынға табан тіреді.


https://syr-media.kz/
06 тамыз 2018 ж. 1 133 0