Жауға тойтарыс берген батыр

Тарихи деректер бойынша Қазақстаннан майданға аттанған 1 миллион 600 мыңдай жауынгер жауға қарсы жан аямай шайқасқан. Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарындағы ерлігі үшін 500 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алған. Олардың қатарында ауданнан Жаппасбай Нұрсейітов пен Нағи Ілиясов бар.
«Ерлік ешқашан ұмытылмайды» десек, кескілескен шайқаста ел үшін жанпида еткен жауынгерлер есімі ел жадында мәңгі сақталады. Олардың есімі ескерткіш тақтаға ойылып жазылып, кейінгі ұрпаққа Отанды қорғаған батырлар ерлігі әркез дәріптелуде. Осы мақсатта оқырмандарға ел болашағы үшін қан төккен Кеңес Одағының Батыры Жаппасбай Нұрсейітов туралы мақала жазуды жөн көрдік.
Көне газет беттерінде батыр аға туралы көптеген мақала шыққан. Әсіресе, «Ленин жолы» газетіне тілші, Жаппасбай ағаның жерлесі Жарылқасын Шөкенов жазған. Қаламгердің «Біздің Жаппасбай», «Батырды қарсы алу», «Жаппасбай батыр стахановшыларда құрметті қонақта», «Батырдың ауылында» тақырыбындағы мақалаларда біраз деректер айтылған.
Мақалаларда айтылған мәлімет бойынша Жаппасбай Нұрсейітов бұрынғы Тереңөзек ауданына қарасты Бесөзек ауылдық кеңесіне қарайтын Қурайлыда 1923 жылы 9 мамырда өмірге келген. Әкесі Нұрсейіт қайтыс болғанда, бала Жаппасбай 9 жаста екен. Отбасының үлкені болған Жаппасбай бұғанасы қатаймай еңбекке ерте араласады. Анасы Айша Бәйменқызы науқастанып, дертті болған. 18 жасқа келгенде соғыстың қызған шағында 1942 жылы Жаппасбай соғысқа аттанады. Майдан даласында етігімен қан кешкен азапты күндері туралы мына деректе Жаппасбай Нұрсейітовке Кеңес Одағының Батыры атағы берілгені туралы айтылады. Бұл жайында кезінде профессор, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазбай Құдайбергенов «Сыр бойы» газетіне жариялаған екен.
«Днепрден өту үшін болған қанды шайқас біраз уақытқа созылыпты. Арғы бетке барынша бекінген немістер өтуге талаптанған Кеңес солдаттарын қалт жібермей атқылап тұрған. Жоғарыдан келген бұйрықты орындау – әскердің қатал заңы. Бұған дейін де көзге түсіп соғыс өнерін жете меңгерген Жаппасбайға қалайда өзеннен өту жайлы қатал тапсырма беріледі. Қасына бес пулемётші солдат қосып, таң алдында қарсы жағаға қайықпен өтуге талпынғандарды сезіп қалған немістер оқтың астына алады. Қайық тесіліп, серіктерінің барлығы оққа ұшып, жалғыз Жаппасбай ғана өзеннен өтеді. Жанұшыра қимылдаған ол, алты пулемётті қатар қойып, әрқайсысынан жүгіре жүріп оқ жаудырады. Мұндайды күтпеген немістер абдырап, шегіне бастағанда қарсы беттегі кеңес солдаттары шабуылға шығады. Осы кезде Жаппасбай аяғынан жараланып, бірнеше күннен кейін госпитальда есін жияды. Жаралыларға жеткен әскери газеттен Днепрден бірінші болып өткен солдаттарға өлгеннен кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілгенін оқиды. Ал осы бір аласапыран кезде алыстағы Қурайлы ауылына Жаппасбайдың қазасы жайлы «қара қағаз» да жетеді. Кейін белгілі болғандай, үш күнде немістер 13 рет шабуылға шыққанымен, нәтижесінде көптеген солдатынан айырылған. Ал Жаппасбайдың өзі 150 неміс солдатының көзін жойыпты», дейді профессор.
Ел аузында қалған естелік әңгімелерде Жаппасбай Нұрсейітовтің тағы бір ерлігі туралы айтылады. Алты неміс офицер-солдатын айдап келгені жайлы батыр өз аузынан ағасы Төлешке айтқан екен.
«Днепрден өткеннен кейін Кеңес солдаттары Украина жерін немістерден босатып, жеңістен жеңіске жете бастайды. Бір деревняда Жаппасбай қатты шырылдап жылаған нәрестенің дауысын естіп жақындаса, немістер емізулі сәбидің анасының кеудесін тіліп, азаптап өлтіріпті. Сол маңда украин кемпірі сөйлемей қолымен бір жерді көрсетеді. Жақындап келіп сұраса, картоп сақтайтын бөлмеде мұздай қаруланған алты неміс солдаты жатқанын айтады. Жаппасбай баланы кемпірге құшақтатып, үндемей кетуін талап етеді. Сөйтіп мысықша басып сақтықпен бөлмеге енсе, алты неміс автоматтарын жиып қойып, қаннен-қаперсіз ұйықтап жатады. Барынша сақтықпен жау қаруын жиып алып, «қолдарыңды көтеріңдер!» деп немісше айқайға басқанда есеңгіреген олар, қалш-қалш етіп қолдарын көтереді. Сөйтіп алтауын да көгендеген қойдай етіп, штабқа жеткізеді. Кейін белгілі болғандай, Жаппасбай тұтқындап әкелген жоғары шенді неміс офицерлерінен біраз әскери мәліметтер алынады. Кеңес солдаттарының келесі жеңістерін қамтамасыз етуге ол мәліметтердің біраз пайдасы тиеді», деген әңгіме бүгінде аңызға айналған.
Жоғарыда айтып өткеніміздей баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларда батырдың елге келгендігі жайлы қызық әңгіме бар.
Жаппасбай батыр 26 мамыр 1944 жылы 56-жүйрік пойызбен Тереңөзекке демалысқа келеді. Вагоннан түсер-түспестен жақын ағасы
Әбдірейім Ахметов көтеріп алып, анасы Айшамен көрістіреді. Елде батырға құрмет-қошемет көрсетіліп, күн сайын кездесулер өтеді.
Қызылорда қаласы мен аудан орталығында Жаппасбай Нұрсейітов есімімен аталған көше бар, қалада бір мектеп батыр атына берілген.
Соғыс кезінің өзінде жерлестері Кеңес Одағының батыры Ж.Нұрсейітов атты сүңгуір қайық жасау қорына 470598 сом ақша жиналыпты. Сүңгуір қайық Мурманск қаласында Солтүстік флотының мұражайы алдына қойылған. Жаппасбай батыр есімі берілген сүңгуір қайық 1955 жылдың аяғына дейін Солтүстік флоттың құрамында қызмет еткен.
Отан үшін от кешкен Кеңес Одағының Батыры Жаппасбай Нұрсейітовтың кіндік қаны тамған қазіргі жер Шіркейлі ауылы. Батыр ұлдың ерлігі ұрпаққа мұра болып қалды. «Жеңіс үшін» деген ұранды ту еткен майдангерге ерлігі үшін 1944 жылдың қаңтар айында Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.
Бибісара ЖАНӘЛІ