Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастардың жігерін шыңдаған «Алтын күз»

Жастардың жігерін шыңдаған «Алтын күз»

Қызылорда қаласында ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай дәстүрлі түрде өтетін ауыл спортшыларының «Алтын күз – 2025» XXXVIII облыстық спартакиадасы өз мәресіне жетті. Жеті ауданнан келген мыңға жуық спортшы 18 спорт түрі бойынша сынға түсіп, өзара сайысты.

Бір аптаға жалғасқан дүбірлі до­даның ашылуына облыс әкімінің орынбасары Мейрам­бек Зинабдинұлы, об­лыс­тық дене шынықтыру, спорт және туризм бас­қар­масының басшысы Бахтияр Ғарифол­лаұлы, еңбек ардагері, ауыл шаруа­шылығы ардагер­лер кеңесінің төрағасы Нұрлыбай Ұлықпанұлы қатысты.

– Биыл дәстүрлі «Алтын күз» спартакиадасының ұйымдастырылып келе жатқанына 38 жыл толып отыр. Бұл жарыс ауылдық жердегі талай талантты спортшының шыңдалып, үлкен жетістіктерге жетуіне жол ашты. Алғаш рет Сырдария ауданы Тереңөзек кентінде өткен бұл дода қазір облыс көлемінде дәстүрге айналып, ауыл-аймақта бұқаралық спорттың дамуы­на ерекше серпін берді. Ең бастысы, жастардың спортқа қызығушылығын арттырып, жігерін шыңдауға ықпал етіп келеді. Бүгінгі жарыста шын мықтылардың топ жарарына сенемін. Баршаңызды берекелі «Алтын күз» мерекесімен құттықтаймын, – деді облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Зинабдинұлы.

Өз кезегінде еңбек ардагері Нұрлыбай Ұлықпанұлы спортшыларға ақ батасын беріп, ізгі тілегін жеткізді.
Алғашқы жарыс күнінде спортшылар спорттың төрт түрінен, атап айтқанда, қазақ күресі, жекпе-жек, жамбы ату, кикбоксингтен өзара сынға түсіп, жеңімпаздарды анықтады. Сыр­дариялық команда жекпе-жектен жүл­делі екінші орын тұғырынан көрінді. Асық атудан алдына жан салмайтын ауданның спортшылары бұл сайыстың бірінші жүлдесін қолдан бермеді. Асық атушылар қарсылас алты ауданның командасын жеңіп, бірінші орын алды.

Спорттың Президенттік көпсайыс және дәстүрлі садақ ату түрі бо­йынша жерлестеріміз үшінші орын тұғырына көтеріліп, жарыс жеңімпазы атанды. Ал намысты қолдан бермеген то­ғыз­құмалақшыларға қарсылас шақ келмеді. Спорттың бұл түрі бо­йынша ер­лер командасы бірінші орынды алды. Құрамында әлем және ел чемпиондары бар команда сырдариялықтарға жеңіс әкеліп, тоғызқұмалақта мықты екенін дәлелдеді. Сырдариялық волейболшы қыздар да жарысты жеңіспен аяқтады. Ойынның небір тәсілін ұтқыр әрі шебер орындаған волейболшылар ақырғы кезеңде жеңіске жетіп, бірінші орынға шықты. Білегі мықты, нағыз қара күш иелері қол күресшілер де жеңімпаз команданың қатарында болып, екінші орынға лайық болды. Дәстүрлі садақ атудан жүлделі үшінші орынға тұрақтады. Еңбек пен төгілген тердің арқасында спорттың бірнеше түрінен аудан командасы осылайша жүлделі орын алды.

Айту керек, жарыстың жабылу салтанатында облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм бас­қармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов дәстүрлі «Алтын күз» спар­такиадасының жалауын Жалағаш аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Еркен Ертуғанұлына табыстады.

«Тт» ақпарат

26 тамыз 2025 ж. 290 0