Қазақ күресінен XVI облыстық «алтын белбеу» бәсекесі басталды

Жарыс ережесіне сәйкес, қатысушылар кіші жасөспірімдер, жасөспірімдер, жастар және ересектер санатында 10 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсуде.
Дүбірлі доданың ашылу салтанатына Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы, спорт саласының ардагері Ким Юрий Федорович пен Жағыпар Маханбетов арнайы қатысты.
Салтанатты шарада сөз алған басқарма басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы қатысушыларды құттықтап, қазақ күресінің елдік рухты көтерудегі рөліне тоқталып, жарыстың жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді.
– Бүгін Сыр елінде ұлттық спортымыз – қазақ күресінен XVI облыстық «Алтын белбеу» бәсекесі ұйымдастырылып отыр. Қазақ күресі – ата-бабамыздан аманат болып жеткен асыл мұрамыз. Сондықтан рух пен жігердің күресі атанған бүгінгі бәсекенің маңызы айрықша деп білемін. Барша қатысушыларға сәттілік пен әділ жеңіс тілеймін! – деді Бахтияр Ғарифоллаұлы.
Сондай-ақ, спорт саласының ардагері Ким Юрий Федорович жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, ұлттық спорттың дамуына үлес қосып жүрген жастарға алғысын білдірді.
Айта кетейік, жарыс барысында әр салмақ бойынша іріктеу кезеңдері өтіп, ақтық белдесулерде жыл үздіктері – «Алтын белбеу» иегерлері анықталады. Жарысқа 6 кәсіби төреші қазылық етуде.
Жеңімпаздар арнайы атақтармен марапатталады:
• «Түйе балуан» атанған үздік балуан – «Сыр Барысы»,
• Екінші орын иегері – «Сыр Арланы»,
• Үшінші орын алған балуан – «Сыр Сұңқары» атанады.
Сонымен қатар, барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы алғыс хаттар мен қаржылай сыйақылар табысталмақ.
@Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы
Фото: Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы