Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жарыс жолында – аманкелділік жастар

Жарыс жолында – аманкелділік жастар

Аманкелді ауылдық округі әкімдігі және ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Еркін Құланбековті еске алуға арналған волейболдан турнир өткізілді.

Аталған сайысқа барлығы 7 команда қатысып, бақ сынасты. Турнирдің алғашқы сөзі Е.Құланбековтің ата-анасына және Аманкелді ауылдық округі әкімі Зейнұр Жаманқұловқа берілді. Ауыл әкімі алғысөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Марқұмның ата-анасы жарыс­ты ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, ақжарма тілектерін жеткізді.

Еркін Құланбеков – Аманкелді ауылдық округі аппаратында бірнеше жыл жастар ісі жөніндегі маман болып қызмет атқарған. Жастар сая­саты мен олардың арасындағы ауызбіршілік, қоғамдық саяси-ахуалдың тұрақты­лығы және жастармен мәдени, қо­ғам­дық, спорттық іс-шаралар өткі­зу бағытындағы жұмыстарды қолға алып, елді мекеннің дамуына аза­маттық үлесін қоса білді. Ажалдың алып кемесі Еркіндей азаматты алып кеткен еді. Бүгінгі таңда артында бауыр­лары мен ата-анасы қалды.

Тартысты сайыста қатысқан 7 команда да жоғары деңгейде ойын көрсетіп, жүлделі орынға талас­ты. Жарыс қорытындысы бойынша үшінші орынды Аманкелді ауыл­дық емхана ұжымы қанжығасына байласа, екінші орынға оқушылар командасы тұрақтады. Тартысты додада №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицей ұжымы үздіктер қатарынан көрініп, бірінші орынды алды. Ұйым­дас­­тырушылар атынан қатысқан коман­­­даларға қаржылай сыйақы мен кубок­тар табысталды.

«Еске алу тур­нирінің өтуіне атса­лысқан Аман­келді ауылын­дағы мекеме­лер­ге және ауылдың 1988 жылғы азаматтарына алғыс білдіре­міз» дейді Еркін Құланбековтің әкесі Арыстан Құланбеков.

Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ
15 қазан 2024 ж. 122 0