Жастар волейболдан бақ сынады
Апта ағымында Аманкелді ауылына қарасты №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейінде Аманкелді ауылдық округі әкімдігімен «Жалын» еріктілер штабының ұйымдастыруымен және ауылымыздағы 1994 жылы туған азаматтардың қолдауымен спорттың волейбол түрінен жарыс өткізілген болатын.
Аталған жарысты Сырдария аудандық маслихат депутаты Зейнұр Жаманқұлов пен ауылдың азаматтары ашып, ұйымдастырылған бәсекенің барысын түсіндіріп, қатысушыларға сəттілік тіледі.
– Қашанда спорт жанынан серік еткен жастардың белсенділігі жоғары. Ауылымызда бұған дейін бірнеше жарыс ұйымдастырылды. Бүгін волейбол жарысынан бақ сынайтын жастарға сәттілік тілейміз. Қазіргі уақытта ауыл жастарының бастамасымен сан түрлі іс-шаралар қолға алынып келеді. Бұл жолы – 1994 жылы туған ауыл жастары жарыстың өткізілуіне зор үлес қосып отыр. Бұл дегеніміз – ауыл жастарының ауызбіршілігін көрсетеді. Үлкеннен ақ бата алып, ілкімді істерді қолға алып жүрген жастарға артылар сенім мол, – деді Зейнұр Жаманқұлов.
Жарысқа ынталы жастар мен ауыл тұрғындары қатысып, белсенділік танытты.
Аталған жарыстың қорытындысында «Жалын» еріктілерінен құралған команда І орынды, ІІ орынды №42 мектеп-лицейі командасы және ІІІ орынды ауыл ардагерлерден құралған командалар иемденді.
Жарысқа қатысушылардың арасынан ерекше ойынымен көзге түскен Досымжан Алматұлы «Үздік ойыншы» атанып, ұйымдастырушылардың арнайы жүлдесімен марапатталды.
Жеңімпаз командаларға 1994 жылы туылған азаматтардың дайындаған қаржылай сыйлықтары және кубогы мен ұйымдастырушылардың дипломдары табысталды. Қашанда ауыл жастарының мәртебесі биіктеп, жоғары табыстарға қол жеткізуіне тілекшіміз. Әркез Аманкелді ауылының жастары игілікті істердің басы-қасынан табылады. Олардың қоғамдық жұмыстарға белсене араласуында аса мән жатыр. Ерекшелігімен танылып жүрген ауыл жастарының жасап жатқан жұмыстары өзге замандастарына үлгі болса дейміз. Бұл ауылдан әнші, биші, күйші, спортшы да шығып, аудан намысын абыроймен қорғап жүр. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан ауылдың асыл азаматтары әлі талай игілікті істерге себепкер болмақ.