Аманкелді ауылында жастар балық аулаудан бақ сынады
Аманкелді ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Аманкелді ауылында ауыл жастары арасында балық аулаудан сайыс өтті.
Елді мекеннің барлық аймағындағы жастар қолдарына қармақ алып, белсенділік танытты. Қармаққа іліккен балықтың салмағы мен өлшеміне қарай қазылар алқасы жүлделі орындарды белгіледі.
Қорытынды бойынша қарсыластарына қарағанда қысқа уақыттың ішінде бір келіден аса балық аулап үлгерген Төлепберген Нұрдәулет жеңімпаз атанып, бірінші орынға ие болды. Ал Намарат Жандос бір келі балық аулап екінші орынға ілікті. Сайыстың ең жас қатысушысы Нұрболатұлы Нұркелді бір келіге жақын балық аулап, үшінші орынды қанағат тұтты.
Ауыл әкімі, жастар жанашыры Мейрамбек Қылышбекұлы мен Сырдария аудандық мәслихат депутаты Зейнұр Қайраддинұлы ептілік пен қырағылықты қажет ететін бұл сайыста қанжығасы майланған жастарды құттықтап, сайысқа қатысушыларды дипломдармен және бағалы сыйлықтарымен марапаттады.
Сайысқа 20 жас қатысуға ниет білдіріп өзара бақ сынап, екі сағатқа созылған жарыс өте тартысты өтті.
Кең көлемді өткен шараға демеушілік жасаған ауыл тұрғындары Руслан Смағұлов, Сәулебек Жусупов, Алмат Бағдатов, Перизат Мүбаракова, Құтышев Мақсұтқа ауыл жастары алғыс білдірді.