Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада жаңа стадионның іргетасы қаланды

Қызылордада жаңа стадионның іргетасы қаланды

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласының сол жағалауына салынатын жаңа стадионның іргетасын қалау рәсіміне қатысып, қала тұрғындарын Қазақстан халқының бірлігі күнімен және құрылыстың басталуымен құттықтады.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Бәріміз – бір елдің азаматымыз. Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру» деген болатын.

Бүгін – аймағымыз үшін айтулы күн, көптен күткен қуанышты сәтте бас қосудамыз. Мереке күні өздеріңізбен бірге халықаралық талаптарға сай келетін, 10 мың орындық жаңа стадионның іргетасын қалаймыз. Өздеріңізге белгілі, Тәуелсіздік жылдары елімізде заманауи екі стадион, яғни «Астана арена» мен «Түркістан арена» ғана салынған. Қызылордадағы Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионның салынғанына 60 жылға жуықтады. Стадион УЕФА талаптарына сәйкес келмейді. Сондықтан, біздің сүйікті командамыз «Қайсардың» жанкүйерлерінің ұсынысымен жаңа стадион салуға шешім қабылдадық. Баршамызға құтты болғай!», – деді аймақ басшысы.

Іс-шарада футболдан Қазақстан құрама командасының капитаны, бес дүркін Ел чемпионы және Қазақстан кубогының жеңімпазы, екі дүркін Қазақстан кубогының иегері Асхат Тағыберген жерлестерін құттықтады. Жаңа стадионның іргетасын қалау сәтінде спорт мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов бата берді.

Айта кетейік, биыл Сыр өңірінде жағымды жаңалықтар мен жарқын жетістіктер жетерлік. Қызылорда қаласында құны 2 млрд 700 млн теңге болатын үстел теннисі орталығының құрылысы қарқынды жүруде. Сырдария өзенінің сол жағалауынан физика-математика мектеп-интернаты, Оқушылар сарайы және музыкалық колледждің жаңа ғимараты салынуда. Халықаралық стандарттарға сай келетін жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды.

Өткен жылы аймағымызда 7 дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне тасбысталса, биыл аудандарда 4,7 млрд. теңгеге 12 спорт кешенін пайдалануға беру жоспарлануда.

Жыл басынан бері Сыр спортшылары әлемдік ареналарда өнер көрсетіп, облыс қоржынына 6 медаль салса, республикалық чемпионаттар мен кубоктардан 140 жүлде иеленді. Басты жетістік, Қамшыбек Қоңқабаев бокстан, Айдос Сұлтанғали грек-рим күресінен Париж олимпиадасына, қос бірдей спортшы Эрик Қасқабаев пен Шыңғыс Медеуов отырып ойнау волейболынан паралимпиадаға жолдама алды. Дзюдо, парадзюдодан да үміткерлер бар.

©️Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
01 мамыр 2024 ж. 174 0