Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сайыпқыран спортшы

Сайыпқыран спортшы

Отыз жылға жуық тарихы бар аралас жекпе-жек спорт түрімен аудан көлемінде жастар тұрақты түрде айналысуда. Білікті бапкер Иса Әкімжанов жетекшілік ететін ММА үйірмесі аудандық спорт клубының жанынан ашылған. Аралас жекпе-жектен үздік нәтиже көрсетіп келе жатқан спортшының бірі – Нұртілеу Қалдыбек. Қазіргі уақытта 55-56 салмақ дәрежесінде сынға түсетін жас жеткіншек жоғарғы дәрежедегі жарыстарда топ жарып­ жүр.

Жас спортшы Нұртілеу Дастанұлы ММА үйірмесіне 2 жыл бұрын келген. Оған дейін былғары қолғап шебері ретінде рингте талай мәрте бағын сынаған. Әкесінің нұсқауымен аралас жекпе-жекті таңдаған ол – биыл №36 Әбділда Тәжібаев атындағы мектеп-лицейде 11 сынып оқиды. Әрқашан жаттығудан қол үзбейтін жеткіншек ел намысын әлемдік аренада қорғауға ниетті. ҰБТ-да шығармашылық бағытты таңдауға бел буған оқушы спорт саласының маманы атануға бекінген.

– Күш қолда­нылатын спорт түрімен айналысу әркез қауіпті болатыны сөзсіз. Дегенмен, жаттығуда өзіңді аямау арқылы аралас жекпе-жектің үздігі болу үшін еңбектеніп келемін. Кез келген жарыс барысында 2-3 жекпе-жек өткізуге жан-жақты дайын болу керекпіз. Күн сайын өткізілетін жаттығу барысында кемшілікпен жұмыс жасап, ықтималды қарсыластың әлеуетін саралаймыз. Жеңіске жету, үздік деген атқа лайық болу – әсте оңай емес. Салмақ қуалап, жарысқа тыңғылықты дайындалуға психо­логиялық тұрғыдан әзір болған жөн. Шын­дығында, октагонда шыр айналып жүре бермей, қарсыласты зерттеп жеңіске жетуге бар күшті жұмсау керек. Жекпе-жекке түсуден бұрын, әдіс-тәсілді ұтымды қолдану – жақсы нәтиже әкеледі, – дейді жас спортшы.

Негізінен, Нұртілеу Қалдыбек үшін биылғы жыл табысты болғаны мәлім. Себебі, жас спортшы өз салмақ дәрежесінде облыс чемпионы атанып, ел біріншілігіне жолдама алады. Байрақты бәсекеде сырдариялық саңлақ қолаға қол созады. Сонымен қатар Қостанай қаласы мен Арал ауданындағы республикалық жарыста жүлдегерлер қатарынан көрінді.

– Жалпы, ММА үйірмесі ашылған уақыттан нағыз сайыпқыран спортшыларды дайындауды мақсат тұтып келеміз. Сондықтан аптаның 5 күнінде жаттығу залында балалар шынығады. Нұртілеу болашағынан зор үміт күттіретін спортшы саналады. Жарыс жолына шыққанда қарсыласты ұпай санымен жеңіп кетіп жатады. Бұл ретте, оның боксқа қатысқан кезінде меңгерген техникасы өз көмегін тигізіп жатады. Қылғындыру әдісі арқылы жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтауға тырысады, – дейді ММА үйірмесінің жаттықтырушысы Иса Әкімжанов.

Балғын балалық шағынан спортқа ден қойған жас жеткіншек аудан мерейін асыра берсін деген тілек білдіреміз.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
23 желтоқсан 2023 ж. 286 0