Ала доп бәсекесі басталды

Осы жолы футзалдан аудандық әуесқойлар лигасында 8 топтурнирдің көш басына шығуға ұмтылады. Тіс қаққан тәжірибелі ойыншылар мен жастар жеңіс үшін жан салатыны сөзсіз. Өз кезегінде «AB Agro», «Таң ЛТД», «Қызылдихан», «Регион 11», «Атлетико», «Эверест», «Хансұлтан», «Достар» атты топтар қысқы маусымның көркін қыздырады. Бұрнағы күні аталған лига ұйымдастырушылары мен әрбір топтың жетекшісі, бірқатар ойыншысы бас қосып, жарыс барысында қолданылатын ережені бекітті. Өткен маусымда жіберілген олқылықтар сараланып,жанкүйер көңілінен шығатын ойын өрнегін көрсету басты назарға алынды. Кезектілік бойынша жеребе таратылып, топтардың жұптасу тәртібі түсіндірілді.
– Негізінен, футзалдан әуесқойлар лигасы аудан жұртшылығының көңілінен шыққан жоба саналады. Өткен жылы бастау алған турнирде «А» және «В» лигасында 18 топ шеберлік байқасты. Ал, жазғы маусымда 1 ғана лигада жеңімпаз анықталды. Алдымызда қызыққа толы ойындар күтуде. Жаңадан құрылған топтар бар. Бұрыннан келе жатқан ойыншылар басқа да топтардың намысын қорғауға дайын. Жарыс барысын бақылайтын төрешілер жасақталды. Қолға алған әрбір бастамаға сәттілік тілеймін, – деді футзалдан аудандық әуесқойлар лигасының жетекшісі Нұрхан Сансызбаев.
Айта кетейік, алғашқы кезеңде «Хансұлтан» – «Қызылдихан», «AB Agro» – «Атлетико», «Эверест» – «Таң ЛТД», «Регион 11» – «Достар» топтары кездеседі. Ендеше, қызыққа толы ойындардан қалыс қалмайық.
Б.АЯБЕКҰЛЫ