Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жарыс алаңында – әуесқой аяқдопшылар

Жарыс алаңында – әуесқой аяқдопшылар

Таяу Шығыстағы Катар мемлекетінде дүбірлі доп додасы бастау алды. Төрткүл дүние көз тіккен әлем чемпионаты 1 айға созылып, соның барысында құрлықтағы үздік құрама анықталмақ. Ал Сырдария ауданында футзалдан әуесқойлар лигасы басталып, аяқдопшылар өзара тартысқа түсуде.

Ауданда алғаш рет өткізіліп отырған футзал лигасының ашылуына аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, Қызылорда облысының әуесқойлар футбол лигасының директоры Еркін Жантуған қатысты.


Мемлекеттік Гимн орындалған соң аудан әкімі жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Жалпы, әлемде доп додасына қызы­ғатын жан­күйер­лер қатары көп. Қазіргі уақытта дүниежүзі көз тік­кен кіші футбол жарыстары жоғары деңгейде ұйымдас­тырылуда. Ал Сыр өңірінде осы спорт тү­рі­мен тұрақты айналысатын жандар мерей тұғырынан көрінуде. Осы ретте, өткен жы­лы Қызылорда қаласында өткізілген әуесқойлар футбол лигасында сырдариялықтар бақ сынап, «А» лигасын­да біздің спортшыларымыз жеңімпаз атанды. Бұл – аяқ­допшыларымыз үшін зор жетістік. Міне, бүгін Сырдария ауданында алғаш рет әуесқойлар футбол лигасы бас­тау алғалы тұр. Тек мықтылар бақ сынайтын әуесқойлар футбол лигасында командалар шебер ойын өрнегін көрсетеді деген сенімдемін, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.

Өз кезегінде Қызылорда облысының әуесқойлар футбол лигасының директоры Е.Жантуған да бұл аяқдопшы­лар үшін тартысты бәсеке екенін атап өтті.

Футзал жарысына 10 команда қатысу­да. Олардың қа­тарында көршілес Жала­ғаш ауданының командалары да бар. Футбол лигасының ашылуынан кейін алғашқы тур кездесулері өтті. Жарыс алаңына «Region11» мен «Aq­su» командасы шығып, өзара тартысты кездесу 9:5 есе­бімен аяқталды. Одан кейін «Qazaq кyres» командасын «Kereit» командасы айқын басымдықпен жеңді. «Adiya» – «Akjarma» және «Kyran» – «Magzhan» ара­сындағы кезде­сулердегі есеп 4:2 болды. Ал «Terenozek +35» командасынан «Qyzyldihan» командасы басым түсті. Ал­дағы уақытта келесі турлар өткізіліп, жарыс жеңімпазы анықталады. Айта кетейік, әуесқойлар лигасының жалпы жүлде қоры 1 млн теңгені құрайды.

Е.БЕРКІНБАЕВ
22 қараша 2022 ж. 726 0