Әуесқойлар лигасы қыза түсті
Өткен жылдың қараша айынан ауданда футзалдан әуесқойлар лигасы басталған болатын. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған турнирге көршілес Жалағаш ауданы және ауданға қарасты елді мекендерден 10 команда қатысып, өзара тартысқа түсуде. Әр аптаның сенбісінде кездесулер өткізіліп, бүгінгі күнге турнирдің 7-ші туры аяқталды.
Әуесқойлар лигасына «Region11», «Aqsu», «Qazaq кyres», «Kereit», «Adiya», «Akjarma», «Kyran», «Magzhan», «Terenozek +35» және «Qyzyldihan» командалары қатысуда. Олар кіл мықтыда кім мықтыны анықтап, әр апта сайын жеңіске деген жігер көрсетіп келеді.
– Сырдария ауданында алғаш рет өткізіліп отырған футзалдан әуесқойлар лигасында апта сайын қызықты ойындар өтуде. Бұл турнирге әрбір команда тыңғылықты дайындықпен келеді. Қазір турнирдің орта шеніне жақындап қалдық. Осы кездің өзінде командалардың әлеуеті байқалады және жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүрген жекелеген ойыншылар да жетерлік. Десе де әлі екінші айналым бар. Сондықтан командалар жеңіске деген ұмтылысын жалғастыра береді. Осындай турнирлер жастардың спортқа деген құлшынысын арттырады. Аудан жастарының осы спорт түріне деген қызығушылығы артады, – дейді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері, турнирдің бас төрешісі Нұржан Жұмашев.
Сенбі сайын өтетін турнирдің әр матчында голдар көптеп соғылуда. Өткен аптадағы 7-ші тур аясындағы кездесулерде 45 гол қақпаға енген. Олардың көбісін «Aqsu», «Magzhan», «Region11», «Qyzyldihan» командаларының ойыншылары соққан. Осы тұста, осы кезге дейін көп гол салып келе жатқан ойыншыларды атап өткен жөн. Олардың көшін «Qyzyldihan» командасының аяқдопшысы М.Маратұлы 25 голмен бастаған. Екінші орында – 19 голмен «Region11» ойыншысы Н.Сансызбаев. Сондай-ақ «Adiya» ойыншысы А.Ашуханда 15, «Aqsu» ойыншысы Н.Мұсахан еншісінде 13 гол бар.
Турнирлік кестеге тоқталар болсақ, 7-ші турда «Qyzyldihan» мен «Region11» командалары тең есеппен тарқасып, 19 ұпаймен «Qyzyldihan» көш бастап тұр. Ізін ала 18 ұпаймен Жалағаш ауданынан қатысып жүрген «Adiya» командасы келеді. Үздік үштікті 17 ұпаймен тереңөзектік «Region11» командасы қорытындылап тұр. Одан кейін 10 ұпайдан еншілеген «Akjarma» мен «Kereit» командалары бар. Ал қалған командалар әзірге 2-3 ойында ғана жеңіске жеткен.
Әлі алда 12 тур бар, яғни командалар бірінші айналымды 9 турмен қорытындылап, екінші айналымда да өзара кездесулер өткізеді. Осыны ескерсек, әуесқойлар лигасына қатысып жатқан командаларда мүмкіндік көп. Сондықтан аяқдопшыларға сәттілік тілейміз.
Е.БЕРКІНБАЕВ