Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Е.Көшербаевты еске алуға арналған дәстүрлі турнир басталды

Е.Көшербаевты еске алуға арналған дәстүрлі турнир басталды

Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевты еске алуға арналған волейболдан XХIV Халықаралық турнирдің салтанатты ашылуы өтті. Дәстүрлі спорттық іс-шараға аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық спорт және мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов, жақын туыстары мен ұрпақтары Айтбай Көшербайұлы мен Болат Елеуұлы, аудан ардагерлері және спортшылар қатысты.

Салтанатты іс-шараның ашылуында аудан басшысы мемлекет және қоғам қайраткері Е.Көшербаевтың ел дамуына сіңірген еңбектерін атап көрсетті.

– Елеу Көшербайұлы – қазақ елінің экономикасын, мәдениетін өркендетуге, ұлттық дәстүрді сақтауға, әсіресе Қызылорда облысының дамуына өзінің қажымас қызметі арқылы айрықша үлес қосқан қайраткер. Ол ХХ ғасырдың 60-70 жылдары Қазалы, Сырдария аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Тереңөзек, Сырдария ауданының атқару комитетінің төрағасы, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болған. Сонымен қатар, 1975-1991 жылдары Қармақшы, Қазалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарған. Елеулі қызметтері үшін халықтың ыстық ықыласына бөленген. Мемлекет және қоғам қайраткерінің елдің есінде қалған еңбектері жетерлік. Мәселен, Елеу Көшербаевтың бастамасымен және ерекше ықпал етуімен Қорқыт ата мемориалды кешені тұрғызылды. Бұл жер бүгінде Түркі тілдес елдердің ортақ тағзым ететін орнына айналды. Сондай-ақ, Орталық Азия мен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі – Ғани Мұратбаев ескерткішінің ашылып, мұражайының салынуына атсалысты. Елге еңбегі сіңген азаматтың халқына жасаған осындай игі істері ел жадында сақтаулы. Ардақты әкенің ісін ұрпақтары лайықты жалғастыруда. Атап айтқанда, Елеу Көшербайұлы бастаған Қорқыт ата мұрасы ұрпақтарының қолдауымен ЮНЕСКО-ның мәдени мұраларының қатарына қосылды. Одан бөлек, қайраткер тұлғаның өмірі мен қызметін насихаттау мақсатында ұрпақтары бір ғана Сырдария ауданында емес, мәдени-спорттық іс-шараларды облыс көлемінде жыл сайын ұйымдастырып келеді. Бұл – әкені ардақтап, есімін мәңгі етудегі игі іс. Сондықтан Елеу Көшербайұлының елге жасаған еңбегі жас ұрпаққа үлгі-өнеге, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Турнирдің ашылу салтанатында мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаевтың арнайы жолдаған құттықтау жеделхаттары оқылды.

Өз кезегінде облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов спортшыларға сәттілік тілесе, Өзбекстан волейбол Федерациясының аға жаттықтырушысы Шерузат Маталиев те құттықтау сөз сөйлеп, Көшербаевтар әулетіне арнайы сыйлық табыс етті.

Бұл додаға Өзбекстан мемлекетінен және еліміздің әр өңірінен 30-ға жуық команда, яғни 350-ден астам спортшы қатысуда.

Айта кетейік, Халықаралық турнир 24 қыркүйекке дейін жалғасады.
21 қыркүйек 2023 ж. 291 0