Дәстүрлі доданың жалауы желбіреді
Есімі елге белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевты еске алуға арналған дәстүрлі доданың жалауы желбіреді. Волейболдан 23 рет өткізіліп отырған халықаралық турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, халықаралық жекпе-жек конфедерациясының президенті Усман Дигаев, қайраткер тұлғаның ұрпақтары қатысты.
Халықаралық іс-шараның ашылуында ең алдымен мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың құттықтау хаты оқылды. Құттықтауда мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевтың өз замандастарымен бірге туған елдің жасарып-жаңаруына ерекше үлесін қосқаны аталған. Сонымен қатар ардақты әке бастап кеткен сара жолмен жүру балалары үшін үлкен бақыт екені және бүгінгідей жарыстар өскелең ұрпақтың бойында достық, сыйластық, ауызбіршілік сияқты қасиеттерді біріктіретінін айтылып, қатысушыларға сәттілік тілеген.
Салтанатты іс-шарада сөз алған аудан басшысы мемлекет және қоғам қайраткерінің ел үшін атқарған елеулі қызметіне тоқталып, дара тұлғаның кейінгі толқынға қалдырған өнегесі мол екенін атады.
– Елеу Көшербаев – қазақ елінің экономикасын нығайтып, мәдениетін өркендетуге, ұлттық дәстүрді қорғап сақтауға, әсіресе Қызылорда облысының жан-жақты дамуына өзінің қажымас қызметі арқылы айрықша үлес қосқан қайраткер. Оның елдің есінде қалған еңбектері жетерлік. Мәселен, «Қорқыт ата мұрасы» көпұлттық номинациясы қолдау тауып, ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында бүкіл әлемге танылды. Елеу Көшербаевтың бастамасымен, ерекше ықпал етуімен Қорқыт ата мемориалды кешені тұрғызылды. Халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының рухын көтеру үшін республикалық дәрежеде тойлауды ұйымдастырды, ескерткіш орнатты. Шығыс жұлдызы Ғани Мұратбаев ескерткіші ашылып, мұражайы салынды. Тұрмағамбет ақын кесенесінің бой көтеруіне де атсалысты. Міне, қайраткердің халқына жасаған осындай игі істерін ұмыт қалдырмау мақсатында ұрпақтары бір ғана Сырдария ауданында емес, мәдени-спорттық шараларды түрлі аудандарда ұйымдастырып, әкеге құрмет көрсетіп, есімін мәңгі етуде. Жыл сайын дәстүрге айналған волейболдан халықаралық турнир де биыл жалғасын табуда. Мемлекет және қоғам қайраткері, Сыр елінің дара тұлғасының есімін дәріптеу мақсатындағы турнирге қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы.
Халықаралық турнирге көршілес Шешенстан Республикасы, Грозный қаласынан, еліміздің барлық облысынан және аймақ аудандарынан 22 команда бойынша 250-ден аса спортшы қатысып, бақ сынауда. Төрт күнге жоспарланған жарыс аудан орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өтіп жатыр.
Айта кетейік, сырдариялық волейболшылар осы күні Грозный командасымен кездесіп, жарысты жеңіспен бастады.
Ердос БЕРКІНБАЕВ