Ұстаздар кіл мықтыны анықтады
Білім мен тәрбиеден бөлек баршамызды салауатты өмірге үйрететін ұстаздар қауымының қашанда мәртебесі биік. Жаңа оқу жылы басталған уақытта ауданға қарасты барлық мектептен жиналған дене шынықтыру пәнінің ұстаздары өзара сайысқа түсті. Дәстүрлі түрде өткізілетін бұл жарысқа 100-ден аса мұғалім қатысты. Спорттың баскетбол, футбол, волейбол, үстел теннисі, арқан тартыс, шахмат, тоғызқұмалақ секілді түрлерінен мықтылар анықталды.
Спорттық шара барысында аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы А.Есназар жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Салауатты өмір салтын насихаттап, мұғалімдерді спортпен шұғылдануға кеңінен тарту, спорттық бұқаралық шараларды дамыту мақсатында ұйымдастырылған жарыс көркін Қалжан ахундық мұғалімдер қыздыра түсті. Сайыстың алғашқы кезеңінің өзінде-ақ жеңімпаз болуды мақсат еткен топ өзара ауызбіршілікпен жеңіс жолында тер төкті.
– Біздің команда баскетболдан бірінші орынды иеленді. Жеңіске жету оңайға соқпады. Бірақ біз аяғына дейін күрестік, спартакиаданың барлық кезеңдерінен сәтті өттік. Осындай спорттық іс-шаралар жиі өткізіліп тұрса деймін, тек мұғалімдер ғана емес, оқушылар арасында ұйымдастырылса олардың спортқа деген қызығушылығын оятуға септігін тигізеді. Спорт дегеніміз қозғалыс, қозғалыс – бұл өмір. Өзім баскетболмен айналысамын, сондықтан спорттың адам өміріндегі маңыздылығын жақсы түсінемін, – деп жарыс жеңімпазы Айбек Тәжібаев өз пікірімен бөлісті.
Ауданға қарасты 17 мектептен жиналған мұғалімдер арасында әр спорт түрінің жүлдегерін анықтады. Жалпы командалық есеп бойынша №126 орта мектеп бірінші орынды иеленсе, №129 мектеп-лицей мұғалімдері екінші орынға жайғасты. Ал үздік үштікті №137 орта мектеп ұстаздары түйіндеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктарға ие болып, ұйымдастыру алқасы диплом мен арнайы сыйлық табыс етті.
Майя ҚОЖАБАЙ