Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлем чемпионатына жолдама алды

Әлем чемпионатына жолдама алды

Мөлдір Жандарбек пен Низара Әубәкірова №11 Сырдария ауданы­ның олимпиадалық ре­зерв­тің маман­дан­ды­рыл­ған балалар-жас­өспірімдер мекте­бінің то­ғыз­­құмалақ үйірмесінің спортшылары. Олар­дың үйірмеге қатысып жүргеніне 4-5 жыл уақыт болды. Кішкентайынан ұлттық спортқа қызығушылық танытқан қыздар бү­гін­де чемпиондық атаққа жетіп, ел абыройын асқақтатуда.

Әдетте спортпен айналысатындардың жігері мен ойлау қабілеті жүйрік келеді. Спортшылардың қиындықты жеңуге деген құлшынысы мен алға қойған мақсатына жетуге деген ынтасы ерекше болады. Сырдария ауданы өзінің сайыпқырандарын қашанда мақтан етеді. Әсіресе, ұлттық ойын – тоғызқұмалақтың кіші отанына айналған спорттың осы түрімен шұғылданушылар қатары артып келеді.

Жас жеткіншектер Мөлдір Жандарбек пен Низара Аубакирова №11 Сырдария ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің тоғызқұмалақ үйірмесінің спортшылары. Олардың үйірмеге қатысып жүргеніне 4-5 жыл уақыт болды. Кішкентайынан ұлттық спортқа қызығушылық танытқан қыздар бүгінде чемпиондық атаққа жетіп, ел абыройын асқақтатуда. Жас спортшыларды тоғызқұмалаққа кәсіби түрде Қазақстанның еңбегі сіңген жаттықтырушысы Білімжан Елеусін, жоғары санатты жаттықтырушы Мұхтар Әбжаппаров, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бексұлтан Бостандықов жаттықтырып келеді.

9 жасында Ақтөбе қаласында өткен ел чемпионатында чемпион, 11 жасында Павлодар қаласында өткен жасөспірімдер чемпионатында екінші мәрте чемпион, 2021 жылы Азия чемпионы атанған 14 жастағы Мөлдірдің жетістіктері өте көп. Бұл үшін жас спортшы тоғызқұмалақ үйірмесіне ең алғаш ертіп келген әжесі Мейрамкүлге алғыс айтады. Өсіп келе жатқан жас буынның ойлау қабілетін, есепке жүйріктігін шыңдау мақсатында қосымша тоғызқұмалақпен айналысуын жөн көрген Мейрамкүл әжесі осы күні немересінің жетістігіне дән риза.

– Менің қатарларым көбіне "Тоғызқұмалақ та спорт түрі ме?" деп сұрақ қояды. Оларға менің берер жауабым: Спорт – дене тәрбиесі мәдениетінің бір бөлігі. Спорт дегеніміз белгілі бір ережелерге сәйкес адамдардың физикалық және интеллектуалдық қабілетін салыстыру үшін өтетін іс-шаралар, іс-әрекеттер, жарыстар. Спорттың мақсаты – адамдардың физикалық-психикалық қабілетін жетілдіру, денсаулығын жақсарту. Тоғызқұмалақ ойынында адамға түсетін ауырпалық басқа да спорт түрлерінен кем емес. Мысалы, Талдықорған қаласында өткен ауыл жасөспірімдерінің ІҮ – спартакиадасының соңғы ойынында Алматы облысының өкілімен кездестім. Бұл шешуші ойын еді. Осы уақытқа дейінгі жаттығуда жасалған жұмыстың, ағайлардың үйреткен еңбектерінің нәтижесінде жеңіске жеттім. Командамыз чемпион атанды. Спартакиададағы қиыншылықты, ауыртпалықты айтып жеткізу қиын. Жеңіс қуанышы ғана бәрін ұмыттырады. Сондықтан спорт түрлерінің, мейлі ол ой спорт болсын немесе қозғалыс спорты болсын өзіне тән ерекшеліктері болады деп ойлаймын. Спорттық жарысқа қатысудың өзі батырлық. Ал өз еліңнің намысын қорғап, жеңіске жету – үлкен абырой. Сол себепті барлық спортшыларға ерекше сыйластықпен қараймын, – дейді ерекше тебіреніспен 14 жасар чемпион қыз, спорт шеберіне үміткер Мөлдір Жандарбек.

11 жаста спорт шеберлігіне үміткер атанып, талай дүбірлі додадаларда дара шыққан 13 жасар чемпион Низара Аубакирова құрбысы секілді еліміздің көптеген қалаларында болды. Жақында Қостанай облысы Лисаков қаласында Қазақстан Республикасының жасөспірімдер арасындағы өткен командалық чемпионаттың сапында өнер көрсеткен Низара мен Мөлдір облыстың чемпион атануына үлес қосты. Биылғы жылы өткен ауыл жасөспірімдерінің ІҮ – спартакиадасында қос спортшы облыс командасының жеңіске жетуіне ерекше еңбек сіңірді.

Атап өту керек, төрт жылда бір рет өтетін ауыл жасөспірімдерінің спартакиадасында өнер көрсеткен 6 спортшының барлығы сырдариялық тоғызқұмалақшылар.

– Отбасымда ата-анамның кенже қызымын. Әкем Еркін, анам Ақсәуле, әжем Мырзакүлдің қамқорлығының, қолдауының, жаттықтырушыларымның еңбегінің арқасында жетістіктерге жеттім. Ең алғаш рет 3 сыныпта оқып жүргенімде тоғызқұмалаққа қатысуыма тәтем Гүлстан себепші болды. Қазір жаттықтыруышы ағайлардың арқасында тоғызқұмалақ ойынының қыр-сырын үйреніп, жарыстарға шығып жүрмін. Тоғызқұмалақтың ерекшелігі көп. Зияткерлік ойынды қазақтың ұлы ғұламалары ойнаған. Қарсыласыңды жеңуге мықты дайындығың, ойлау қабілетіңнің жүйріктігі көмектеседі. Есепке негізделген спорттың түрі менің мінезіме жақын. Сабырлылыққа, қарсыласыңды құрметтеуге, әділ болуға үйрететін спортпен шұғылданғаныма қуаныштымын. Әлі талай жарыста бағымызды сынайтын боламыз. Туған жердің тұғырын биік етіп, үлкен мінберлерде тұрып еліміздің Әнұранын шарықтату үлкен абырой, патриоттық сезім сыйлайтын қуанышты сәт. Сондықтан атыма сай жарқыраған жұлдыз болып жанатыныма сенемін, – дейді сырдариялық жас спортшы Низара Аубакирова.

Низараның биылғы жылы жеткен жетістіктерінің өзі бір төбе. ҚР 13 жасқа дейінгі қыздар арасындағы жекелей чемпионатында, жекелей облыс біріншілігінде, ҚР әйелдер арасындағы командалық чемпионатында жүлдегер атанды. Низара мен Мөлдір – жылдың үздік спортшысы қатарында.

Жақында қос спортшының жаттықтырушысы Білімжан Елеусін Мөлдір мен Низара әлем чемпиоантына жолдама алғанын хабарлады. Жасөспірім шағында әлемдік деңгейде бәйгеге қатысатын сырдариялық тоғызқұмалақшылардың шығар тұғыры биік болсын. Жеңіс жалауын көкке көтеріп, ел абыройын асқақтата беруіне тілектеспіз!
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ

27 тамыз 2022 ж. 698 0