Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық ойынның жұлдыздары

Ұлттық ойынның жұлдыздары

Киелі Тереңөзек топырағы ұлттық ойын тоғызқұма­лақтың отаны десек қателеспейміз. Туған жерден түлеп ұшқан атақты спортшыла­рымыз Айнұр Жақапбаева – рес­публиканың бас жаттықтырушысы. Хакімжан Елеусінов – үш дүркін әлем чемпионы, Бексұлтан Бостан­ды­қов – Азия ойындарының чемпионы, халықаралық дәрежедігі спорт шебері. Олар төл өнерді өрге сүйреп жүрген сайыпқы­рандар.

Қазіргі таңда жерлестеріміздің ізгі жолын жастар толықтырып, алды ха­лық­аралық дәрежедегі спортшылар бол­са, Азия чемпиондары мен респуб­лика жүлдегерлері аудан абыройын асқақ­татып келеді.

Кенттегі №11 Олимпиадалық ре­зерв­тік мамандандырылған жасөспі­рімдер спорт мекте­бінде тоғызқұмалақ үйірмесіне 100-ге жуық оқушы қа­ты­сады. Оларды республика­ға еңбегі сің­ген жаттықтырушы Білімжан Елеу­сін, Мұхтар Әбжаппаров және Бексұлтан Бос­тан­дықов жаттықтырады.

Жаттықтырушылардың тынымсыз ең­­бе­­гі­нің, ізденісінің арқасында жыл сайын чем­пиондар қатары толығып, бүгінде 2 ха­лық­аралық дәрежедегі спорт шебері Б.Бос­тан­дықов, А.Кен­же­бекова, спорт шеберлері Д.Ах­метов, Ж.Аман­қос, Н.Ма­ха­нова, Н.Мек­тепхан, А.Дәурен­бек­қызы, Е.Пер­небаев рес­публика намысын додалы бәсекеде қорғап келеді. Тоғыз­құма­лақ­тан соңғы бір-екі жыл көлемінде 17 спорт шебер­лігіне үміткердің болуы ауданда спорт­тың осы түрі жақсы дамығанын көрсет­се­ керек.

Былтырғы жылы желтоқсан айын­да Ақ­төбе қаласында өткен Азия чем­­пионатында қос сырдариялық тоғыз­құмалақшы Мөлдір Жандарбек пен Айым Ақылбек чемпион атанды. Жас спортшы Мөлдір шапшаң ойында қар­сы­ластарынан басым түссе, Айым классикадан бәсі биік түсті. Қос чемпион алтыннан алқа тағып, мерейі үстем болды. Осы чемпионатта Нұрила Мектепхан да қоладан алқа тақса, Жансұлу Ермағанбетова мен Нұржан Ақылбектің жүлдегер атанғаны облыс командасын бірінші орын тұғырына көтерді.

– Спорт мектебінде 2007 жылдан бері балаларды тоғызқұмалаққа жаттық­ты­рып келемін. Тоғызқұмалақ ежелден келе жат­қан, мыңдаған жылдық тарихы бар ұлттық ойынның түрі. Біздің ауданда тоғыз­құма­лақтың мектебі жақсы қалыптасқан. Сол ізгі жолды қазір жас­тар жақсы жалғастырып келеді. Тоғызқұмалақ балалардың ой-өрісін дамытуға бағытталғандықтан, ойын ба­рысында ойыншы ұстамдылыққа, ұқыптылыққа, тапқырлыққа үйренеді. Ата-бабадан мұра болып қалған ұлттық құндылықты насихаттау, оны үйрету міндетіміз. Сондықтан ақыл-ойды да­мытуға жақсы әсері бар ойынға қы­зығушылық танытқан ата-аналар балаларын үйірмеге әкелуіне болады. Қазір аудан намысын республика дә­режесінде қор­ғап жүрген, облыстың құрама команда­сында ойнап жүрген спортшылармыз бар. Оларды әрдайым мақтан етіп, төл өнер­дің жанашырлары деп айта аламыз. Жыл сайын ұйымдастырылатын түрлі деңгей­дегі жарыстарға шығып, жүлдемен оралу үлкен дәреже. Сондықтан киелі Сыр­дария то­пырағынан әлі де талай мық­ты тоғызқұма­лақшылар шығады деген үміттемін, – дейді білікті жаттықтырушы Білім­жан Елеусін.

Жақында Алматы қаласында жас­өспі­рімдер арасында ҚР чемпионаты өтті. Чемпионаттан Мөлдір Жандарбек­ (15 жас) жә­не Низара Аубакирова (13 жас) классика түрінен екінші орын алды. Рапид ойыны бойынша Низара жүл­де­лі үшінші орын иеленіп, олжалы оралды.

Математикалық қабілетті арттырып, на­ғыз есеп санатындағы ойын то­ғыз­құмалақ соңғы кезде ғаламтор же­лісінде де жақсы дамығаны белгілі. Жерлестеріміз онлайн режімде Қырғыз, Қытай, Моңғолия, Ресей елдеріндегі спортшылармен ойын өрнегін көрсетіп, қарсыластарының әлін бағуда. Бұл өз кезегінде додалы бәсекеде әдіс тәсілді жетілдіре түсуге ықпалын тигізеді. Сонымен қатар тоғызқұмалақ әлемдік мәдениеттің озық үлгісі саналады. Әлем елдері де қы­зы­ғушылық танытып,­ ойыншылар қатары кө­беюі соның дә­лелі.

Тоғызқұмалақ – тәрбиенің көзі, үй­ле­сім­діліктің, тіл табысудың құралы, миды шы­нық­тырудың тәсілі саналатын зияткерлік ойын. Осынша артық­шылығы бар ең жоғары дәрежелі ұлт­тық ойын түрін үйренуге ауданда үлкен мүмкіндік – мектебі бар екен­дігі қуантады. Алда сырдариялық то­ғыз­құ­малақшылар Көкшетау қала­сында өтетін Азия кубогында және әйелдер арасында өтетін командалық чемпионатқа қатысып, бақ сынайтын болады. Барлық спортшыларымызға сәттілік серік болсын дейміз!




Бибісара ЖАНӘЛІ
21 маусым 2022 ж. 383 0