Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеңіске деген құлшынысы жоғары спортшы

Жеңіске деген құлшынысы жоғары спортшы

Халқымызда «Әкеге қарап ұл өсер» деген тағылымды сөз бар. Әкесі секілді шымыр әрі денсаулығы мықты болуды бала Мадияр өзіне мақсат етіп қойған. Сол мақсатына жету үшін жеткіншек тұрақты түрде спортпен шұғылданып келеді. Жетістіктері де аз емес.

Тереңөзектік жас спортшы Мадиярдың бабасы Әбіләзи Сүлейменов – Ұлы Отан соғысының ардагері. Бейбіт күн үшін оң қолынан ауыр жараланып, елге жеңіспен оралған майдангердің ұлдарының есімі даңқты батырлардың атымен аталады. Ардагер «Ұрпағым батыл әрі батыр болсын» деген ниетте ұлдарының есімін Арыстан, Қамбар, Сәруар, Дастан, Рүстем деп қойыпты. Бүгінде олардың бәрі бір-бір шаңырақтың иелері. Текті әулеттің ізін жалғаған ұрпақтың бірі Руслан Сүлейменов студент кезінде-ақ кикбокстан ел чемпионы атанса, спортқа құштар Жасұлан, Темірлан, Бауыржан, Есімжан, Әділжан бокс, дзюдо, еркін күрестен талай бәйгені қанжығасына байлаған. Жастайынан спортқа икемді азаматтардың бәрі бүгінде құқық қорғау саласында жемісті еңбек етуде. Бұл жолды болашақта Мадияр да жалғастырмақ.

– Әкем оқушы кезінде спортпен шұғылданғанын, жарыстарға қатысқанын көп айтады. Мен де әкем секілді шымыр болғым келеді. Қазір күреске қатысып жүрмін. Еркін күрес пен дзюдодан алған марапаттарым бар. Анам Перизат медальдарымды үйдің төріне іліп қойған. Сынып жетекшім Ләззат Әләйдарова апай ер балалар мектептен тыс уақытта спортпен шұғылдану қажет екенін әркез айтып отырады, – дейді бала Мадияр бізбен әңгімесінде.

Спортшының бапкері Шоқан Уәлихановтың айтуынша, бүгінде күреспен 50-ге жуық бала тәрбиеленуде. Олардың ішінде Мадияр секілді ынталы, белсенді әрі үйірмеге уақытылы келетіндердің қатары көп. Бапкер шәкірттерінің әр жетістігіне балаша қуанатынын, чемпион болудың оңай емес екенін айтады. Бұл жолда ізденіс пен сабыр, шыдамдылық пен тазалық ауадай қажет.

– Баланың бос уақытын дұрыс пайдалануға ата-ана да, мектептегі мұғалім де жауапты. Мысалы тереңөзектік құқық қорғаушы Жасұлан Әбіләзиев осыдан бірнеше жыл бұрын ұлы Мадиярды күреске ертіп келгенде бүгінгідей жетістікке жетеді деп ойламаған шығар. Қазір алғыстан басқа айтары жоқ. Ұжымдастарына да ұлдарын спортқа баулу жөнінде кеңес айтқан болу керек, жақында аудандық полиция бөлімінің бір топ қызметкері ұлдарын ертіп келіп, күрес үйірмесіне тіркетті. Біз бұқаралық спортпен шұғылданушылар қатарын осылай нақты істермен көбейтеміз, – дейді №11 Сырдария ауданының олимпиадалық резервтің маман­дан­­дырылған ба­лалар-жасөс­пірім­­дер мек­тебінің белбеу күресі­нің жат­тықтырушысы Шоқан Уәлиханов.

Енді кейіпкеріміз Мадиярдың жетістіктеріне тоқталайық. Спортшы 2019 жылы Тереңөзек кентінде спорттың дзюдо түрінен өткен аудандық біріншілікте 29 келі салмақ дәрежесінде жүлделі І орынды жеңіп алған. Бұл жарысты №11 Сырдария ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жас­өспірімдер мектебі ұйымдастырғанын атап өтуіміз қажет. Мұнан бөлек күрестен Ақжарма ауылында өткен біріншілікте де Мадияр Дастанов І орынды қанжығасына байлаған. Аудандық жарыстарда топ жарған жеткіншек жақында Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубының ұйыт­қы болуымен өткізілген облыстық ашық біріншілікте 26 келі салмақ дәрежесінде ІІ орынды жеңіп алды. Бұл жарысқа ол тыңғылықты дайындалып, тек финалда ғана қарсыласына ұпай санымен есе жіберіп қойды. Бірақ жеңіске деген ынтасы мен құлшынысы бәсеңдеген жоқ.

– Әр жарысқа барарда бапкеріміз бір күн бос уақыт береді. Біз ол күні жаттығу жасамаймыз. Ой сергітеміз, алдағы жоспарларымызды нақтылаймыз. Бірақ бәріміздің бір ғана мақсатымыз болады. Ол спорттың шыңын бағындыру, яғни чемпион атану. Мен болашақта арманыма жететініме сенемін, – дейді Мадияр Жасұланұлы.

Спортшының көзіндегі жалынға қарап, біз талабы таудай жеткіншектің жеңіс тұғырынан көрінуіне сәттілік тіледік. Лайым, ата-ана үмітін, ұстаздар сенімін ақтайтын жалынды жастар көп болғай.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
13 наурыз 2021 ж. 591 0