Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс мерейін үстем етті

Облыс мерейін үстем етті

Төрт жылда бір рет жалауын желбірететін ауыл жасөспірімдерінің жазғы ойындары биыл Жетісу облысында өтті. Талдықорғандағы тартысты додаларда Сыр өңірінен барған спортшылар табандылық көрсетті. Оның ішінде, сырдариялық спортшылар айтулы жеңістерге қол жеткізді.

Ауыл жасөспірімдерінің IV жазғы ойындары спорттың 12 түрінен өткізілді. Оған еліміздің 14 облысынан 3 мыңнан аса спортшы қатысқан. Олардың қатарындағы Сыр спортшылары жекелеген және топтық жарыстарда жеңіс тұғырынан көріне білді. «Жүз­ден жүйрік, мыңнан тұлпар» болғандар арасында сырдариялық спортшылар бар. Атап айтқанда, тоғызқұмалақ бойынша І орынды, көгалдағы хоккейден ұлдар мен қыздар командасы ІІ орынды, волейболдан ұлдар командасы ІІІ орынды және қыздар командасы І орынды жеңіп алды. Осындай жетістікке жетуде аудан спортшылары айтулы үлес қосты.

– Ауыл жасөспірімдерінің жазғы ойындарына құрама командалар тыңғылықты да­йындалды. Сыр өңірінің намысын қорғап, жақсы нәтиже көрсетті. Құрамалардың ішін­де сырдариялық спортшылар жеңіске жету­ге көп тер төкті. Атап айтқанда, көгал­дағы хоккей, тоғызқұмалақ, волейбол спорты бо­йынша жерлестер жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл – бәріміз үшін зор жетістік, – дейді 11 ОРМБЖМ-нің директоры Бағдат Есенов.

Білікті бапкер, «Сырдария ауданының Құр­метті азаматы» Сұлтан Қобландин бас­тап барған көгалдағы хоккейден ұлдар жә­не қыздар командасы осы жарыста да же­ңісті жолды жалғастырды. Ал волейболдан қыздар командасын сырдариялық бапкер Жандос Темірғалиев бастап барып, рес­пуб­ликалық жарыстың жеңімпазы атанды. Құ­рама сапында ауданның волейболшылары Нұрайым Айбекова, Баянсұлу Сағындықова, Нұрай Бақтиярова үздік өнер көрсетті.

– Оқушы кезде менің қызым Нұрай «во­лейболға қатысамын» дегенде қарсылық біл­діргенмін. Ол кезде биге қатысатын. Ке­йін­нен өзінің бейімі осы спортқа болған соң қарсылық білдірген жоқпыз. Волейболға қатысқалы бері көптеген жарыстарға барып жүр. Жан-жақты, үлкен қалаларды көр­геннен кейін тұйық мінезді қызым адамдармен еркін араласатын болды. Бойында спортқа деген құлшынысы, талпынысы жоғары. Бұл жолда бапкері Жандос Темірғалиев зор жауапкершілік танытып, жаттықтырып келеді. Кешегі жазғы ойындарда қыздарымыз зор жетістікке жетті. Республикалық жарыста бірінші орын ал­ғанына балаша қуандық. Жеңіске жеткен шақта Бағдат Есенов бастап барған жат­­тықтырушыларына дейін қуанған сәтін көр­­генімізде, расында мерейіміз артты, – дейді жас спортшының анасы Салтанат Бекжүнісова.

Облыс мерейін үстем еткен спортшыларға байрақты бәсекелерде жеңіс тілейміз!


Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
09 тамыз 2022 ж. 642 0