Республикаға жолдама алды
Спорт – денсаулық кепілі. Спортпен айналысқан жандардың өмір сүру салты қалыпты болатыны айқын. Осы ретте, ауданда спортпен тұрақты түрде шұғылданатындар түрлі додаларға қатысып, мерейді асыруда. Жақында төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын «Ақ бидай» облыстық ауыл спорты спартакиасында да сырдариялықтар жеңіс тұғырынан көрінді.
Облыс орталғында өткен ауыл спорты жарысындағы ойындарға өңірдегі 7 ауданнан спортшылар қатысты. Олар тоғызқұмалақ, асық ату және бес асық, қазақ күресі, қол күресі, гір спорты, Президенттік көпсайыс, шағын футбол, волейбол және үстел теннисі спорт түрлерінен бақ сынады. Осындай спорт түрлерінен спортшылар тартысқа түсіп, кіл мықтыда кім мықтыны анықтады. Спартакиадаға қатысқан Сырдария құрамасы топтық және жекелеген сындарда жақсы нәтиже көрсетті. Соның арқасында сырдариялықтар командалық есепте жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды.
Сырдариялық спортшылар әрбір спорт түрлерінен зор жетістікке жетті. Атап айтқанда, республикалық, халықаралық жарыстарда жүлдемен оралып жүрген тоғызқұмалақшылар І орынды иеленді. Ал үстел теннисі, Президенттік көпсайыс, волейболдан ерлер және әйелдер командасы ІІ орыннан көрінсе, асық ату және бес асық бойынша ІІІ орынды еншіледі.
Осындай жетістікке жеткен сырдариялық спортшылар енді Ақтау қаласында өтетін «Ақ бидай» республикалық ауыл спорты ойынына жолдама алып, аймақтың намысын қорғайтын болады.
Ердос БЕРКІНБАЕВ