Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық ойынның үздіктерімен кездесті

Ұлттық ойынның үздіктерімен кездесті

Зияткерлік ойындар ішінде тоғызқұмалақтың шоқ­тығы биік. Ұлттық спорттың жүйріктері атанған Терең­өзектің түлектері туған жердің мәртебесін биіктетуде. «Балалар жылы» аясында «Жалын» тынығу лагерінде тоғызқұмалақ ойынының чемпиондарымен лагерь ты­нығушылары кездес­кен болатын.

Ізгілікті іс-шараға аудандық білім бө­лімінің басшысы Берік Жәнібеков, ҚР ардагерлер арасындағы тоғызқұмалақ чемпионы Мектепхан Елеусінов, әлем­нің үш дүркін чемпионы, Азия куб­огінің иегері Хакімжан Елеусінов, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, Азия чем­пионы, Азия кубогінің жеңімпазы Бексұлтан Бостандықов, әлем бірін­шілігінің қола жүлдегері, Азия чемпио­­ны Ақерке Кенжебекова, Азия чемпионы, Азия кубогінің жеңімпазы, Қазақстан чемпионы Дамир Ахметов қатысты.

Тағылымды іс-шараны ашқан Мектепхан Елеусінов тоғызқұмалақ ойы­нының негізгі қағидаты мен ұлт үшін маңыздылығына тоқталды.

– Сан жылдар бойы тоғызқұмалақ ойы­ны ұлттық спорт түріне жатқызы­лып, оның жан-жақты жетілуіне кәсіби мамандар күш салып келеді. Әрбір ша­ңырақта домбыра мен тоғызқұмалақ тұрғаны дұрыс. Қазіргі уақытта көпшілік арасында зияткерлік ойындарға қызы­ғушылық артуда. Осы күні бес жасқа толған балаға тоғызқұмалақ ойының үйрету жолға қойылған. Кез келген буынның өз мықтысы болады. Бүгін бізбен кездесуге келген жастардың ара­сынан болашақ чемпиондар шы­ғуы мүмкін. Тынығушылар жақсы көңіл-күйде демалып, сабақты жақсы оқы­ғанын қалаймыз. Біз қашанда жас жет­кіншектің ой-өрісін дамытуға, мықты зият­кер болуға барымызды салып келеміз, – деді ардагер-спортшы.

Өз кезегінде «Жалын» тынығу ла­герінің аға тәлімгері Піржан Төлеген же­келеген тоғызқұмалақшының осыған дейін жеткен жетістігіне шолу жасады. Үздіксіз ізденістің нәтижесінде же­тістікке қол жеткізетін спортшылар өз ойларын ортаға салды. Мәселен, об­лыстың тоғызқұмалақтан бас жат­тық­тырушысы Хәкімжан Елеусінов ұлт­тық спорттың қазіргі ахуалын айтты.

– Тоғызқұмалақ спортында бола­ша­ғынан үміт күттіретін жастар көп. Облыс намысын қорғайтын спортшылар ішінде Тереңөзектік ойыншылардың өзін­дік орны бар. Негізінен, жыл көле­мінде он екіден аса республикалық ресми жарыстар өткізеледі. Кез келген бәсекеге спортшылар сақадай-сай. Тоғызқұмалақ ойыны үш сатыдан тұ­рады. Жеті минуттық блиц, жиыр­ма минуттық рапид, төрт сағаттық классика ойыны бойынша өзара мық­тыны анықтаймыз. Кейде бір спортшы жарыс­та сегіз сағат ойын өрнегін көрсетеді. Мұндай кезде кез келген спортшыға асқан ыждағаттылық, қырағылық, тө­зім­ділік, шап­шаң­дық керек, – дейді Хәкімжан Елеусінов.

Соңғы он бес жылда тоғызқұмалақты жанына серік еткен Бексұлтан Бостан­дықов тынығушыларға өз тәжірибесімен бөлісті.

– Мен сіздер секілді оқушы ке­зім­де тоғызқұмалақ ойнай бастадым. Алғаш дәлізде кетіп бара жатып, өзім­нен үлкен аға-апаларым ұлттық спорт­қа машықтанып жатқандығына қы­зыға қарайтынмын. Осылайша, мені Тұрғанбай Болғанбайұлы осы спорт тү­рімен шұғылдануға шақырды. Тоғыз­құмалақ ойынының арқасында көп­­теген дос таптым. Мол өмірлік тәжі­рибе жинақтадым. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде әлемдік бәсекелерде же­ңіс тұғырынан көріндім. Алыс-жақын мем­лекетке барып, ұлттық спортымызды кеңінен дәріптей алғаным үшін қуаныштымын, – дейді білікті спортшы.

Тынығушылардың сауалына жауап берген Ақерке Кенжебекова мен Дамир Ахметов ойын барысындағы қиындық пен қызықты, қарсыласты жеңу жолдарын айтып берді. Қай кезде үздіксіз дайындыққа көңіл бөлу керектігін жет­кізді. Алдағы мақсат-міндеттерін саралады. Кездесу қонақтарына арнап, «Жалын» ансамблі бірнеше ән шырқады. Сонымен бірге кәсіби спортшылар оқу­шыларға арнап, шеберлік сабағын өткізді. Тоғызқұмалақтың әдіс-тәсілін үй­ретіп, ынтасы бар балаларға бағыт-бағдар берді. Кездесу соңында жиналған көп­­шілік спортшылармен ес­телік суретке түсіп, шат-шадыман кө­ңіл-күйде тарқасты.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
02 тамыз 2022 ж. 300 0