Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Менің атам

Менің атам

«Соғыс» десе атамды еске аламын,
Есіме алып, жылап кейде қаламын.
Мен атамды көргенім жоқ, бірақ та,
Оны мәңгі мақтан тұтар баламын!
Менің атам – қайтпас қайсар жауынгер,
Біледі оның ерлігін бір қауым ел.
Ұмытпайды, ұлықтайды ұрпағы,
Өтсе дағы айлар, жылдар, дәуірлер.
Менің атам сарбаз болған қырағы,
Сөзшең болған және атақты мұралы.
Өмірі оның өр істермен өрілген,
Бізге мәңгі шырақ болып тұрады.
Менің атам Отан үшін от кешкен,
Шинелі бар қан сіңіп һәм оқ тескен.
Жеңіс үшін ұрандатқан атой сап,
Жауынгер ол ерлік іспен серттескен.
Менің атам оққа тосқан кеудесін,
Жаудың оғы қан жоса етіп жейдесін.
Біздер үшін басын тігіп қатерге,
Отқа оранған... айта берем беу, несін?!
Менің атам өрт боп жанған күйіп те,
Өмір оған берген қайғы үйіп те.
Оң қолына оқ тисе де даңқты ер,
Жеңіс туын желбіреткен биікте.
Менің атам жараланып оқыстан,
Қиналса да жауға қарсы соғысқан.
Ұлдары бар батырлармен бәрі аттас,
Қамбар, Сәруар, Дастан, Рүстем, Арыстан.
Менің атам қан майданның батылы,
Ұрпаққа ұран ақылы мен нақылы.
Соғыстан соң бақташы боп мал баққан,
Бейбіт күннің және де адал батыры.
Менің атам мақтанышым мәңгілік,
Есімі тұр жүрегімде жаңғырып.
Ол соғысқа өз өмірін арнаған,
«Шуақ төккен атса екен» деп таң күліп.
Мен атамды түсімде ылғи көремін,
Атама әркез өлең оқып беремін.
Тастамайды ол мені ешқашан жанынан,
Ойнатады, бірге жиде теремін.
Мен атамды көрмесем де сағынам,
Бір көрсем деп Жаратқанға табынам.
Еркелегім келеді оған бала боп,
Табылса деп армандаймын жанымнан.
«Соғыс» десе атамды еске аламын,
Есіме алып, жылап кейде қаламын.
Мен атамды көргенім жоқ, бірақ та,
Оны мәңгі мақтан тұтар баламын!
Оны мәңгі мақтан тұтар баламын!

Ақтөре Ибрагимұлы,
Ұлы Отан соғысының ардагері
Әбіләзи Сүлейменовтің немересі
05 мамыр 2020 ж. 1 280 0