Есімдері ерекше
Тереңөзек кентіне қарасты О.Мәлібаев елді мекенінде Асан Көшербаев атындағы көше бар. Бұл көше Ұлы Отан соғысы ардагерінің құрметіне қойылған.
Асан Көшербаев 1941 жылы әскер қатарына алынып, Сталинград майданына қатысқан. Сондай-ақ Мәскеу түбінде болған шайқаста да ерлік көрсетіп, кеудесіне орден-медальдар тақты. Майдангер елге келгеннен кейін қырық жылға жуық уақыт жүргізуші болып еңбек еткен.
Біз айтып отырған А.Көшербаев соғыс жылдарында Еділ, Жайық өзені бойында ұрысқа қатысқан екен. Сол кезеңдерде «Соғыс Жеңіспен аяқталып, елге аманесен оралып, ұрпақ өрбітсем, есімдерін осы өзендермен байланыстырамын» деген көрінеді. Қан майдан Жеңіспен аяқталған соң елге келген жауынгер Күлжахан Жантоқақызымен шаңырақ көтеріп, ұл-қыз өрбітеді. Тұңғыш ұлы дүние дидарын ашқанда майдангер есімін Еділ (1-сурет) деп қояды. Ол 1949 жылғы. Бір жыл өткеннен кейін екінші ұл өмірге келіп, әкесі Жайық (2-сурет) болсын дейді. Одан кейінгі ұлдың есімі – Ертіс (3-сурет). Асан Көшербаевтан Жұмакүл, Базаркүл, Алма есімді қыздар тараған. Ал ұлдардың кенжесі – Әбиболла. Оның есімін әкесі Есіл деп қойғысы келген. Алайда молда болған нағашы атасы Жантоқа Боданов мұсылманша Әбиболла деп қойыпты. Осылайша, майдангердің қан кешіп жүргендегі арманы орындалған.
Қызығы сол, үш ұлдың есімі әлемге белгілі өзендермен аттас. Сондай-ақ бәрі де әке жолын қуып, техника тілін жетік меңгерген, жүргізуші болған. Ұлдардың үлкені Еділ Асанов қазіргі таңда ауданға қарасты С.Сейфуллин ауылында тұрады. Шопыр болған, мал шаруашылығымен айналысқан. Бүгінде бейнетінің зейнетін көруде. Одан кейінгі Жайық Көшербаев та 30 жылдай көлік жүргізген.
– Адамға есім қойғанда көпшілік балаларының есімін ерекше етіп қояды ғой. Әкеміз де ұлдарының есімін айрықша болсын деп, өзен аттарымен атаған. Менің есімімен аталатын өзен сонау Орал тауының оңтүстік сілемдерінен басталып, Ресей мен Қазақстан өңірлерін қамтиды. Өзім алыс жолдарға жүргізуші болғаннан кейін Орал өңіріне көп барып, Жайықты талай көрдім. Одан бөлек Қазақстанның, Ресейдің біраз өңірлеріне сапар шегіп, жұмыс бабымен біраз жерге бардым, – дейді Жайық аға. Тағы бір қызық, соғыс жылдарында әкесі жанкештілікпен қорғаған Еділ өзені бойына ұлы Жайықтың табаны тиген. Ол ағасының есімі қойылған өзен бойында әскери борышын өтеген.
– Құлпырады дала, гүлдейді орман, Емізеді егіз Еділ мен Жайық. Ақ шағала айдын, ақталған арман, Тербетеді кеме, ойнайды қайық..., – деп басталатын композитор Ілия Жақановтың елге белгілі әні бар ғой. Сол әндегі егіз болған қос өзен жаныма жақын. Алғашқысының бойында әкемнің іздері қалған. Отан алдындағы борышымды өтегенде Еділ өзені бойында болдым. Ал Ақ Жайықтың жағасында талай жүрдік, – дейді сол шақтарды еске алған Жайық Асанұлы.
Ердос БЕРКІНБАЕВ