Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Спорттағы бәсекелестік артып келеді

Спорттағы бәсекелестік артып келеді

Бексұлтан Бостандықовтың есімі ел намысын қорғап жүрген спортшы ретінде танымал. Жас спортшы ұлттық ойын – тоғызқұмалақтан спорт шебері, Азия ойындарының чемпионы. Бексұлтан сырдариялықтардың ғана мақтанышы емес, ол облыстың, республиканың құрама командасында ойын өрнегін көрсетіп жүрген мықты спортшы. Жас талант иесі биылғы жылдың қорытындысымен "Өрлеу" сыйлығына ие болды.

– Бексұлтан Хасенұлы, Сыр елінің мақтан етер ұланысыз. "Өрлеу" сыйлығына ие болған жастардың өкілі ретінде жетістігіңізбен құттықтаймыз. Алғашқы сұрақ – бала Бексұлтанның балалық шағы туралы айтсаңыз?

– Көп рахмет. "Өрлеу" жастар сыйлығына лайық деп танып, ұсыныс білдірген аудандық жастар ресурстық орталығына алғысымды білдіремін.

Балалық шағым кіндік қаным тамған туған жерім – Тереңөзекте өтті. Осындағы қарашаңырақ саналатын киелі білім ордасы №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің түлегімін. Оқушы кезімнен білім мен спортты қатар алып жүруге тырыстым. Гуманитарлық пәндерге қызығушылығым басым болды. Бірнеше рет мүшәйраға да қатыстым. Кейін бірыңғай спортқа ден қойдым.

– Иә, спорттың тоғызқұмалақ түрін таңдадыңыз. Тоғызқұмалаққа деген қызығушылығыңыз неден басталды, ұлттық ойынға қалай келдіңіз?

– Тоғызқұмалақ ойынына қызығушылығым мектептегі үйірмеден басталды. Оның алғашқы әліппесін үйреткен марқұм Тұрғанбай Болғанбайұлы болатын. Күн сайын ағайдың сабағына баруға асығатынмын. Ойынды ұтсам мәз болып, болашақта чемпион боламын деп армандайтынмын. Кейін шын мәнінде жарыстарға шыға бастадық. Жетістіктердің арқасында жеңімпаз болдым. Ұлттық ойынға деген қызығушылығым бірте-бірте кәсіби деңгейге ұласты.

– Жетістік демекші, алғашқы жетістігіңіз туралы айтсаңыз? Қандай жарыс болатын?

– Ең алғашқы үлкен жетістігімді ұмыту мүмкін емес. 2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында ел чемпионы атандым. Осы жеңісім арқылы Азия чемпионатына жолдама алдым. Бала кездегі арманымның орындалғанына көзім жетті. Бұл жеңіс менің әлі де алға өрлеуіме, биік белестерді бағындыруыма себеп болды. Ел намысын қорғау – жауапкершілік екенін сезіндім.

– Спортқа деген қызығушылық кәсіби тұрғыда жалғасын тапқанымен, белгілі мамандық иесі атану үшін қандай оқу орнын таңдадыңыз?

– Әрине, белгілі мамандық иесі атану үшін 2013 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-тің "Жылу энергетика" мамандығы бойынша оқуға түсіп, жоғарғы білім алдым. Оқу мен спортты қатар алып жүру қиын болса да спорттан ажыраған емеспін. Кәсіби ойыншы ретінде қалыптасуға күш салдым.

– Қазір қандай команда құрамында ойын көрсетіп жүрсіз?

– Тоғызқұмалақпен айналысқаннан бастап Қызылорда облысының намысын қорғап келе жатырмын. Әр жылдың қорытындысы бойынша біздің облыс республикада алғашқы орынның бірін иеленіп келеді. Бұл команда ойыншыларының жетістігі, тынымсыз жаттығудың арқасы.

Айта кету керек, облыста ұлттық ойынның негізгі мектебі – Тереңөзекте орналасқан деп нық айта аламын. Себебі Тереңөзектен әлем, Азия чемпиондары мен жүлдегерлер шығып жатыр. Бұл жаттықтырушылардың еңбегі.

– Елдің атын спортшы шығарады, алғаш рет Әнұранды әуелеткен кезде қандай сезімде болдың, ол қай жылы, қандай жарыс еді?

– Ел намысын алдыңғы кезекке қоятын әрбір спортшының арманы – бірінші тұғырда тұрып, мемлекетіміздің Әнұранын қалықтату. 2013 жылы Павлодар қаласында Азия чемпионы атанған кезімде Әнұран шырқалды. Халықаралық деңгейде өнер көрсетіп, жеңіске жету ерекше сезім. Барлық сырдариялық спортшыларға осындай бақыттың бұйыруын тілеймін.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай? Ізбасарларыңыздың аяқ алысын қалай бағалайсыз? Оларға биік белестерді бағындыруға қандай кеңес берер едіңіз?

– Чемпион болу оңай, бірақ сол атаққа лайықты болу қиын. Жеңіске жеткен сайын жауапкершілік жүгі де, талап та күшейе түседі. Бапкердің сенімін ақтау, ойын тұрақтылығын сақтау – тынымсыз еңбекті, ізденісті талап етеді. Алдағы уақытта ойыншы ретінде біліктілігімді арттыратын боламын. Уақытымды көбірек спортқа бөлемін деген ойдамын.

Ал ізбасарларға келсек, ауданда тоғызқұмалақ ойнап жүрген жастар өте көп. Олардың арасында биік белестерді бағындырып үлгіргендер де бар. Жас та болса Қазақстан Республикасы спорт шебері нормативін орындаған спортшылар да, Азия жеңімпаздары мен жүлдегерлер де бары қуантады.

Менің ойымша, тоғызқұмалақта ойынның түпкі мәні жеңісте немесе жеңілісте емес, оның ойын барысында адамға әсерінде. Ойын барысында адам болмысының қозғалыстары оның өзіндік қасиеттерін өзгертіп, жетілуіне жағдай жасайды. Яғни, болмысын өзгертеді. Денесі шынығады, ой-өрісі кеңейеді, төзімділікке үйренеді. Осы өзгерістер бір ғана ойын барысында орын алады. Сондықтан ойыннан адам барынша жігерлене түседі дер едім.

– Жоғары деңгейдегі спортшы болу үшін бапкердің маңыздылығы қандай?

– Жалпы кез келген салада озат болу үшін мықты маманнан үйренгені жөн. Қазіргі ұлттық спорттағы бәсекелестік жылдан жылға артып келеді. Ерекше талантыңыз болмаса, мықты бапкерсіз жоғары деңгейде ойнау өте қиын. Бұл жағынан менің жолым болды. Бапкерім Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 3 дүркін Әлем чемпионы Хакімжан Мектепханұлы Елеусінов. Алдағы мақсатым да бапкерімдей болу.

– Әлемнің қанша елінде болдыңыз?  Тоғызқұмалақтың нағыз шеберлері қай елде екен. Мықты қарсылас деп кімді айтар едіңіз?

– Азия елдері арасында Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Еуропа бойынша Чехия, Түркия, Швейцарияда халықаралық жарыстарда болдым. Көршілес Моңғолия, Қырғызстан ойыншыларымен бәсекелестік жоғары. Ол елдерде де арнайы мектеп қалыптасқан.

Қарсыластарымның арасында осалы жоқ. Ойын барысында мен үшін барлығы да мықты қарсылас болып саналады. Алдағы уақытта ұлттық спортты дамыту мақсатында шығармашылықпен айналысу ойда бар. Дегенмен ең алдымен спортшы ретінде қойған мақсатымды орындауым қажет.

– Барлық мақсатыңыздың орындалуына тілектеспіз. Ел намысын қорғауда сәттілік серігіңіз болсын.

Сұхбаттасқан Бибісара ЖАНӘЛІ
28 қараша 2020 ж. 630 0