Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕУРОПАДАН ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

ЕУРОПАДАН ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ


Әлемдік деңгейде жарысқа шығып, топ жарып жүрген сырдариялық тоғызқұмалақшы Бек­сұлтан Бостандықов жақында Швейцариядан жеңіспен оралды. Спортшы 7-10 мау­­сым аралығында Фрибург қаласында өткен халықаралық турнирге қатысып, бірінші орын алды.
Тоғызқұмалақтан спорт шебері, Азия чем­­пи­оны Бексұлтан жас­­­­­­­тайынан бері осы спорт түрімен айна­лы­са­ды. Қазір ол Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда мемлекеттік универ­ситетінің инже­нер­­­лі-технология фа­­­­­куль­тетінің магис­транты. Болашақ құрылысшының жат­тық­­­тырушысы Хакімжан Елеусінов шәкіртінен үлкен үмітті. Талантты жас әлі талай әлемдік додаларда бақ сынап, еліміздің абыройын асқақтататынына сенімді. Еуропадан жеңіспен оралып, тәуелсіз еліміздің абыройын асырған сырдариялық чемпион Бексұлтан осы сапар туралы:
– Швейцарияның шағын қаласы Фрибургте халықаралық турнир биыл алтыншы рет өтті. Жарысқа Қазақстанның 3 дүркін әлем чемпионы Х.Елеусінов, астаналық Серік Ақтаев үшеуміз қатыстық. Бәріміз де жүлделі орынмен оралдық. Туристік саласы дамыған, табиғаты көркем, таза, керемет қала өмірімен таныстық. Халқы француз және неміс тілінде сөйлеседі. Адамдары кішіпейіл, өте сабырлы екен. Дамыған мемлекеттің тоғызқұмалақты танып, білуге, дамытуға деген құштарлықтары тәнті етті, – деді Бексұлтан.
Қазақтың ұлттық ойыны дәріптелген турнирге Қазақстаннан басқа Чехия, Франция, Швейцария, Антиг­уа және Барбуда аралынан келген тоғызқұмалақшылар қатысқан. Рапид түрінен өнер көрсеткен қазақстандық тоғызқұмалақшылармен қатар чехиялық спортшылар жеңімпаздар тұғырынан көрінген. Сыр елінің мақтанышы, қазақтың қарадомалақ баласы швейцарлық сағаты мен шоколадпен әлемге әйгіленген мемлекеттен олжалы оралып, айды аспанға шығарды.
Жарайсың, Бексұлтан!
Б.ЖАНӘЛІ

27 маусым 2018 ж. 1 240 0