Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕЛ ИГІЛІГІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

ЕЛ ИГІЛІГІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

Биылғы жылдың 9 маусымында елімізде саяси маңызды науқан Президент сайлауы өтті. Оған 7 үміткер қатысты. Солардың ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлының сайлауалды бағдарламасы маған ерекше ұнады.
«Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу қағидаларын ұстана отырып, өзіміздің ғажайып еліміздің барлық азаматтарының әл-ауқатын арттырамыз» - дейді ол. Мұның ішінде ең құптарлығы және қуанарлығы жас бизнес бастамаларды дамыту арқылы экономиканың басым секторындағы стартапты қолдайтындығы, жастарды жұмыспен қамту бойынша жаңа бағдарламаларды енгізу, жұмысқа бірінші кезекте еңбек өтілі мен тәжрибесі жоқ жастарды алу, олардың кәсіби біліктілігін көтеру мәселесі ең өзекті. Сондықтан жастарға қатысты шешімін таппаған мәселе болмауы тиіс. Жастардың арасында жұмыссыздықтың белең алуы – олардың арасында бойкүйездік, өз-өзіне сенімсіздікті қалыптастырады және жетіспеушілік, кедейлік, құлдық қамытын киіп, түрлі ағымға еріп кететіндері де содан. Міне, осы қауіпті үдерістің алдын алудың бірден-бір жолы – жастарды жұмыспен қамту, түрлі кәсіби деңгейдегі ынталандыру шаралары деп білемін. Жастарды ел болашағы дейтін болсақ – олар қамқорлықтың барлық түрін жан-жақты сезінуі тиіс.
Қоғамда жегі құрт саналатын жемқорлықпен күрес одан әрі жалғаса беретіндігі айтылған бағдарламада. Бұл құбылыс шын мәнінде мемлекеттің дамуына кедергі келтіреді. Тек жазалаумен шектеліп қалуға болмайды. Оған мемлекет пен азаматтардың күшін біріктірген дұрыс.
Сайлауалды бағдарламада сонымен бірге ауылдарды дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, қаржы жүйесінің тиімділігін арттыру жайы да кеңінен айтылган. Сондықтан бұл бағдарлама – ел-халқы күткен аса маңызды саяси құжат. Ол ел игілігіне қызмет етеді деп ойлаймын.

Бағдат ЕСНАЗАР,
аудандық мәслихат депутаты,
№137 орта мектеп директоры
23 шілде 2019 ж. 713 0