МЫЗҒЫМАС БІРЛІК ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ
Биылғы жыл қазақстандықтар үшін саяси маңызды оқиғамен есте қалды. Сәуір айында ел Президенті кезектен тыс Президент сайлауы өтетіндігі туралы Үндеу жариялады. Сол уақыттан бері еліміздегі саяси партиялар өз кандидаттарын ұсынып, халық арасында үгіт-насихат жүргізді. Әрбір үміткер ел болашағы үшін жасалған бағдарламаларын таныстырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға күш салатындарын жеткізді. Шын мәнінде, Президенттікке үміткерлердің арасында мықты саясаткер, қоғам белсенділері мен мемлекеттік қызметшілер де болды. Олардың әрқайсысы өз дара жолдарын таңдап, Қазақстан халқын бірлікке, бейбіт өмірге, татулыққа үндеді. Нәтижесінде, келісім мен әділдік, мызғымас бірлік жеңіске жетті. Халқымызға дәл осы таңда керегі де осы қасиет.
Біздің ұлы тарихи жолымыз бар. Оны салған Елбасы Н.Ә.Назарбаев. Әлемге мемлекетімізді танытқан, дамыған 30 елдің қатарына енуді мықтап қолға алған Тұңғыш Президенттің салиқалы саясаты өз қолдауын тапты. Сондықтан дамудың тағы бір жаңа кезеңі басталғанына көзіміз әбден жетті. Мақсатымыз айқын. Ол қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту мен тұрмысын арттыру. Міне, еліміздің жаңа Президенті алдына осындай мақсат қойды. Ал, оны іске асыруда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарумыз қажет. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген осы емес пе?! Лайым да елімізде тыныштық пен бақ-береке болсын.
Ержан ӘЖІКЕНОВ,
аудандық мәслихат хатшысы