Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№100 газет

21 желтоқсан 2024 ж.

№ 99 газет

14 желтоқсан 2024 ж.

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ауданның дамуы – облыс әкімінің назарында

Ауданның дамуы – облыс әкімінің назарында

Өткен аптада аймақтағы жеті ауданның әкімі облыстық әкімдікте есеп беріп, аймақ басшысына атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды егжей-тегжейлі баяндады. Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев та әріптестері секілді слайд пен баяндамасын әзірлеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, сондай-ақ рухани-мәдени дамуының негізгі бағыттарын жария етті. Маңызды мәжіліс облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткізілді.

Аудан бюджеті 11,1 млрд теңгеге жетті

Ауданның даму жоспарын талқылау жөніндегі кеңес отырысына облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқарма, департамент басшылары, аудан әкімінің орынбасарлары қатысты. Кеңесте аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың ұсынған жобаларының тиімділігі талқыланып, алдағы атқарылатын жұмыстар сарапталды. Аймақ басшысы Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің өткен жылғы қорытындыларына тоқталды.

– Макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша Сырдария ауданының өсу динамикасы тұрақты деңгейде сақталды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 65,5 млрд теңгені құрады. Бюджет қаражатының игерілуі 99,5%-ға орындалып, аудандар бөлінісінде 4-орынға тұрақтады. Ауданның өз кірісі 2022 жылы 4,7 млрд теңге болса, 2023 жылы 5,2 млрд теңгеге өскен. Бұл бағыттағы жұмыстарды биыл да жүйелі түрде жалғастыру қажет, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Трансферттер мен кредиттерді қоса алғанда Сырдария ауданының 2024 жылғы бюджеті 11,1 млрд теңге болып бекітілді. Өткен жылы аудан бюджеті 10 млрд теңге болатын. Бюджеттің өз кірістері 42,8 па­йыз немесе 4,7 млрд теңге, даму бюджеті 2024 жылға 3,5 млрд теңге болса, облыстық басқармаларға қаралған қаржымен қоса алғанда 5 млрд теңгені құрады.

Кеңес отырысында облыстық басқарма басшылары жобалардың маңызына, тиім­ді­лігіне тоқталып, ұсыныстар хат­тамаға енгізілді. Сырдария ауданының шаруа­шылықтары облыс орталығына жақын орна­ласқандықтан жобалар ұсынуда осы артық­шылық ескерілетін болды.

17 инфрақұрылымдықжоба қолға алынуда

Кеңесте аудан әкімі ауданның инфра­құрылым желілерін дамыту бойынша халық­қа қажетті жаңа жобаларды ұсынды. Б.Сәрменбаев 2024 жылға құны 12,6 млрд теңгенің 27 жобасы әзірленгенін айтты. Оның ішінде 7,5 млрд теңгенің 17 жобасына республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 3,5 млрд теңгеге жұмыстар жүргізілмек.

Бүгінде ауданда инженерлік инфра­құрылым жеткізу бойынша 2 жоба іске асырылуда. Тереңөзек кентіндегі жаңа шағын аудандардың жолына қиыршық тас төсеу былтыр басталған болатын. Бұл жұмыс биыл толық аяқталады деп жоспарлануда.

– Н.Ілиясов елді мекеніндегі жаңа шағын ауданның қиыршық тас жолының, электр­мен жабдықтау және су жүйесінің жобалары демеушілік есебінен дайындалды. Қаржыландыру үшін облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына бюджеттік өтінім жіберілген. Жоба іске асқанда алаңдар дайындалып, 80 жер учаскесі тұрғындарға табысталады. Қазіргі таңда жер кезегінде 117 адам бар, – деді аудан әкімі.

Ал елді мекендерді ауыз сумен қамту бойынша 4 жоба іске асырылуда. Тереңөзек кентінде құны 108,5 млн теңге болатын 2 жоба және Шаған ауылында құны 50 млн теңге болатын 1 жоба өткен жылы басталған. Жоба биылғы жылдың соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға беріле­ді. Мұнан бөлек Аманкелді ауылының ауыз су құбырларын жаңартуға «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 59,5 млн теңге қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстары нау­рыз айында басталады деп нақтыланған.

Биыл ауданда халықты «көгілдір отынмен» қамту бойынша 3 жоба жүзеге асы­рыл­мақ. Өткен жылы С.Сейфуллин және А.Тоқмағамбетов елді мекендерін газдандыру басталды. Биыл Шаған елді мекеніне газ кіргізуді бастауға республикалық бюджеттен 100 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Н.Ілиясов елді мекенін газдандыру жобасы демеуші көмегімен әзірленіп, бюджеттік өтінім ұсынылған. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Аманкелді, Жетікөл және Айдарлы ауылдарын газдандыру мәселесі де зерделеніп, демеушілер есебінен жобалар әзірленуде.

– Ауданда тұрғындарды сапалы электр қуатымен қамту бойынша 2 жоба іске асырылуда. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Шаған елді мекенін электрмен қамту жұмыстары аяқталып, Қалжан ахун елді мекенінде осындай жұмыстар басталмақ. А.Тоқмағамбетов елді мекенін электрмен қамтуға демеушілікпен құны 431,8 млн теңгенің жобасы әзірленген. Жоба облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына ұсынылды. Сондай-ақ зерделеу барысында Тереңөзек кенті мен С.Сейфуллин елді мекендерінің электр желілері 1970 жылдары жүргізіліп, тозығы жеткені анықталды. Аталған елді мекендер бойынша 2025-2026 жылдарға бюджеттік өтінім ұсынылмақ, – деген аудан әкімі «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында биыл 13 көше күрделі жөндеуден өтетінін айтты. Сондай-ақ Тереңөзек кентіндегі 8 көшені күрделі жөндеу жобасын қаржыландыруға облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім жолданғанын жеткізді.

Әлеуметтік нысандар салу ұсынылды

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев биыл салынатын нысандар туралы да айтты.

– Тереңөзек кентіндегі тұрмыстық қат­ты қалдықтар полигоны құрылысына облыс­тық бюджеттен 475,5 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар теміржол арқы­лы жаяу жүргіншілер өтетін аспалы көпір жобасын дайындау қажеттілігі туындауда. Кәріз жүйесі Тереңөзек кенті тұрғындары үшін өте маңызды. Бүгінде қолданыстағы кәріз жүйелерінен аққан суды айдайтын 5 КНС бар. Кентті толық қамту үшін қосымша 5 КНС қажет. Жоба іске асқанда 39 әлеуметтік, кәсіпкерлік нысан және 664 жеке тұрғын үй кәріз жүйесіне қосылады, – деді аудан басшысы.

Кеңесте Тереңөзек кенті клубына қосымша құрылыс салу жұмысы да тал­қыланды. Себебі Мәлібаев көшесінде орналасқан кент клубының ғимараты асар әдісімен 1957 жылы, ал кітапхана 1978 жылы салынған. Нысанның бүгінгі жағдайы сын көтермейді. Кітапхана ғимараты «Қызыл­диқан» шаруа қожалығына тиесілі екенін айтып өткеніміз жөн. Аудан басшы­сы клубқа қосымша құрылыс салып, кітап­хананы орналастыру арқылы мәселені шешуді ұсынды.

– Аудан орталығында 80 орындық бала­бақша салу қажеттілігі де туындауда. Қазір 1972 жылы салынған ескі мектеп ғима­раты балабақшаға лайықтандырылған. Балабақ­шада 2 топта 50 бала тәрбиеленуде, кезекте 30 бала бар. Сондай-ақ ауданда маңызды іс-шаралардың басым көпшілігі Орталық стадион­да өткізілгендіктен, көрерменге қолай­лы болу үшін стадионға шатыр жабын­дысын салу жоспарымызда бар, – деді аудан әкімі.

Б.Сәрменбаев аудан орталығындағы А.Иманов көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын қайта жаңғыр­ту жобасына республикалық бюджеттен 60,3 млн теңге қаржы бөлінгенін айтты. Құрылыс жұмыстары келесі айда басталады деп жос­парлануда. Сондай-ақ Тереңөзек кентіндегі Қ.Бөдеев көшесіне тротуар мен науа салу үшін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылған. Кеңесте Тереңөзек кентінің орталығындағы 18,4 шақырым 10 көшенің жаяу жүргіншілерге арналған жолын, кентке кіреберіске Жастар аллеясын салу және Тағзым алаңын абаттандыру жобаларына қолдау сұралды.

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы жүргізілген талдаудың нәтижесін атап айтты. Аудан тұрғындары азық-түлік, халық көп тұтынатын тауарлар бағасының және коммуналдық қызмет тарифтерінің жоғарылығына алаңдайды. Мұнан бөлек қоғамдық көлік, жаяу жүргіншілерге темір­жол өткелінен өтуге қолайлы жағдай жасау мәселесін бақылауға алу қажет. Аудан әкіміне аталған мәселелерді қадағалап, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету тапсырылды.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
06 ақпан 2024 ж. 152 0