Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің IV тоқсандағы есепті кездесулері басталды

Аудан әкімінің IV тоқсандағы есепті кездесулері басталды

Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың IV тоқсандағы есепті кездесулері Айдарлы, Жетікөл және Аманкелді ауылдарында басталды. Кездесулерге аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық құқық қорғау органдары, дербес бөлімдер және коммуналдық сала басшылары қатысты.

Аудан басшысы кездесулерде аймақта ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен өңірде қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, осыдан бір жарым жыл бұрын облыс бюджеті 387 млрд теңге болса, қазіргі таңда 609 млрд теңгеге жетті. Биылдың өзінде қосымша 168 млрд теңге қаржы тартылып, аймақтың даму бюджетінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе артты. Одан бөлек, облыс көлемінде көптеген нысандардың құрылысы жүргізілуде. Осының нәтижесінде, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды. Аймақ басшысы ауданның дамуына да ерекше қолдау көрсетіп келеді, – деген Берік Әбдіғаппарұлы ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Биыл ауданда Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Қоғалыкөл ауылдарында электр желілері толық жаңартылды. Жетікөл елді мекендерінде үш бөлмелі екі тұрғын үй құрылысы аяқталды. Жолдарды жөндеуге биыл 1 млрд теңге қаржы бөлініп, аудан бойынша 33 көше толық асфальттанды. Тереңөзек, Шаған, Қоғалыкөл, Аманкелді елді мекендеріндегі көшелердің ауыз су құбырларын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Аудан елді мекендерін газдандыру кезең-кезеңімен іске асырылуда.

Кездесулерде елді мекен тұрғындары инфрақұрылымдық, білім, денсаулық, тұрғын үй және басқа салаларға қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
16 қараша 2023 ж. 284 0