Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдария ауданының бюджеті 11,1 млрд теңгеге жетті

Сырдария ауданының бюджеті 11,1 млрд теңгеге жетті

Сенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен аудандардың даму жоспарын қарау жөніндегі кеңес отырысы Сырдария ауданының бағыт-бағдарын белгілеумен қорытындыланды. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев ұсынған жобалардың тиімділігі талқыланып, алдағы атқарылатын жұмыстардың маңыздылары сарапталды. Аймақ басшысы Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің өткен жылғы қорытындыларына тоқталды.

«Макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша Сырдария ауданының өсу динамикасы тұрақты деңгейде сақталды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 65,5 млрд. теңгені құрады. Бюджет қаражатының игерілуі 99,5%-ға орындалып, аудандар бөлінісінде 4-орынға тұрақтады. Ауданның өз кірісі 2022 жылы 4,7 млрд. теңге болса, 2023 жылы 5,2 млрд. теңгеге өскен. Бұл бағыттағы жұмыстарды биыл да жүйелі түрде жалғастыру қажет», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Трансферттер мен кредиттерді қоса алғанда Сырдария ауданының 2024 жылғы бюджеті 11,1 млрд. теңге болып бекітілді . Өткен жылы 10 млрд теңге болатын. Бюджеттің өз кірістері 42,8 пайыз немесе 4,7 млрд. теңге, даму бюджеті 2024 жылға 3,5 млрд. теңге болса, облыстық басқармаларға қаралған қаржымен қоса алғанда 5 млрд. теңге.

Кеңес отырысында облыстық басқарма басшылары жобалардың маңызына, тиімділігіне тоқталып, ұсыныстар хаттамаға енгізілді. Сырдария ауданының шаруашылықтары облыс орталығына жақын орналасқандықтан жобалар ұсынуда осы артықшылық ескерілуі тиіс.

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы жүргізілген талдаудың нәтижесін атап айтты. Аудан тұрғындары азық-түлік, халық көп тұтынатын тауарлар бағасының және коммуналдық қызмет тарифтерінің жоғарылығына алаңдайды. Мұнан бөлек, қоғамдық көлік, жаяу жүргіншілерге теміржол өткелінен өтуге қолайлы жағдай жасау мәселесін бақылауға алу қажет. Аудан әкіміне аталған мәселелерді қадағалап, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету тапсырылды.


©️Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
04 ақпан 2024 ж. 177 0