Аудан әкімі депутаттарға есеп берді
Аудандық мәслихаттың 12 депутатының 11-і «АМАNАТ» партиясының мүшелері. Ал заң бойынша қай партияның үлес салмағы басым болады, сол партия мәслихат жанынан депутаттық фракция құрып, жұмысын жүргізе алады. Осы ретте аудандық мәслихаттағы «АМАNАТ» партиясының депутаттық фракциясының отырысы өткізілді.
Фракция отырысына аудандық мәслихат депутаттарынан бөлек аудан әкімі Б.Сәрменбаев, облыстық мәслихат депутаты Ж.Ембергенов арнайы қатысты. Күн тәртібінде партияның 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының орындалуы қаралып, аудан басшысы есеп берді.
Партияның сайлауалды бағдарламасы бойынша әзірленген Жол картасына 51 бағыт бойынша нақты іс-шаралар енгізілген. Оның 45-і биыл орындалуы керек. Қазір 37 іс-шара толық орындалды. Қалған жұмыс бақылауда, — деді Берік Сәрменбаев.
Аудан басшысы сондай-ақ орындалмай тұрған жұмыстарды түсіндірді. Оның ішінде кәсіпкерлер үшін берілетін грант пен субсидияланатын жобалардың жоспары орындалмай тұрғанын айтты. Мұнан бөлек 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде 14 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамту жоспарланған. Бұл да оңай жұмыс емес. Дегенмен биылғы жылдың жоспары бойынша 1290 адам жұмыспен қамтылу керек болса, оның қазір 1064-і орналасқан. Аудан әкімі фракция мүшелеріне бұл жұмыс тұрақты бақылауда екенін айтып, жыл аяғына дейін нақты нәтиже болатынын жеткізді.
Фракция отырысында депутаттар тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемін арттыру, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындарының табысын көбейту жөнінде айтылды. Сонымен қатар әр сайлау округінен сайланған депутаттар инфрақұрылымдық мәселелерді де көтерді. Әсіресе газдандыру бағытындағы жұмыстардың сапасы назарға алынып, кент пен Қалжан ахун ауылындағы бас жоспарға, жоба-сметалық құжаттарға енгізілмей қалған аумақтардың мәселесі талқыланды. Аудан басшысы нақтылау жұмыстары жүргізілетінін айтып, фракция мүшелерінің әрбір ұсынысы міндетті түрде жұмыс жоспарына енгізілетінін жеткізді.
А.ИБРАГИМҰЛЫ