Сайлауалды бағдарлама сапалы орындалуы керек
«AMANAT» партиясының және VIII шақырылымдағы аудандық мәслихат депутаттарының сайлауалды бағдарламасы сапалы әрі уақытылы орындалуы керек». Аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының отырысында аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов осылай деді. Фракция отырысына облыстық мәслихат депутаты Ж.Ембергенов, бөлім, мекеме басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Фракция отырысында Ержан Ертарғынұлы партияның сайлауалды бағдарламасы мен Президенттің халыққа арнаған Жолдауынан туындаған мақсат-міндеттерді жүзеге асырудың маңызы туралы айтты.
– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жаңа Жолдауын жариялады. Президент өз Жолдауында ауқымды саяси өзгерістерден кейін Қазақстан экономикалық өсу мен қазақстандықтардың әл-ауқатын қамтамасыз ететін құрылымдық экономикалық реформаларға көшіп жатқанын атап өтті. Жолдауда айтылған тапсырмалардың бір бөлігі «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасында көрсетілген. Бұл – Мемлекет басшысы мен «AMANAT» партиясының ел болашағына деген ортақ көзқарасының көрсеткіші. Әрбір Жолдау маңызды және стратегиялық құжат болып табылады, сондықтан «AMANAT» оларды жүзеге асыруда әрқашан біріктіруші және қозғаушы күш ретінде әрекет етеді. Партия оларды барлық деңгейдегі Фракция депутаттары арқылы да, партиялық жобалар арқылы да іске асырады. Осылайша, «Жер аманаты» жобасы аясында 5 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, шаруалар арасында қайта бөлінді. Іске қосылған «Ауыл аманаты» жобасы ауыл шаруашылығын дамытудың танымал бағдарламаларының біріне айналды, оның аясында өз кәсібін ашуға 2,5% жеңілдетілген несиелер беріледі. Бұл жобаға деген сұранысты Қ.Тоқаев нақты атап өтіп, оны дамыту қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға арналған «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасын да қолдады. Енді партиямыз үкіметпен бірлесіп, оны бүкіл ел бойынша ауқымын кеңейтумен айналысады, – деген Ержан Әжікенов «AMANAT»-та алға қойылған мақсаттарға жетуге барлық қажетті ресурстар бар екенін айтты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын Қызылорда облысы бойынша іске асырудың Жол картасындағы Сырдария ауданы бойынша тармақтарының орындалу барысына арналды. Бұл мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Е.Ахетов пен аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы А.Берікұлы есеп берді.
Бөлім басшылары сайлауалды бағдарламаның орындалуы, жоспарлы жұмыстардың уақытылы іске асуы бақылауда тұрғанын айтты. Сондай-ақ, бюджетті қалыптастыру мен қаржы игеру кезінде бірінші кезекте тұрғындардың, депутаттардың ұсынысы ескерілетінін жеткізді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе Жол картасындағы инфрақұрылымдық даму, жол жөндеу мен тұрғын үйлер салу бойынша айқындалған жоспарлар туралы өрбіді. Аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Н.Бисембаев баяндама жасап, атқарылған жұмыстарды айтты.
Өз кезегінде фракция мүшелері бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Облыстық мәслихат депутаты Ж.Ембергенов сайлауалды бағдарламаның әрбір тармағы қатаң бақылауда тұрғанын айтып, тиісті жұмыстарды жандандыру қажеттігін айтты. Оның ішінде инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлік саласын дамыту мәселелері өзекті. Ал аудандық мәслихат депутаты А.Қалдыбаева Айдарлы ауылында ауылішілік тротуар салу жұмыстары басталып, аяқсыз қалғанын айтып, бақылауға алуды ұсынды. А.Есназар мен А.Ибрагимұлы кенттегі Б.Момышұлы көшесіндегі жөндеуді қажет ететін тұйық көшелердің бар екенін айтып, фракция отырысынан кейін тиісті бөлім басшысымен бірге тұрғындармен кездесті.
Фракция отырысының қорытындысында Е.Әжікенов депутаттарға бірқатар тапсырма беріп, атқарушы органмен бірлесе жұмыс істеу керектігін айтты. Сонымен қатар ұжым қызметкерлерімен, тұрғындармен, қарапайым еңбек адамдарымен кездесіп, Мемлекет басшысының жаңа Жолдауының басым бағыттарын талқылау, түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды жүктеді.
«Тт» ақпарат