Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 2019: жыл жастарға серпін берді

2019: жыл жастарға серпін берді

Аудан тарихында елеулі оқиғалар­мен орын алған 2018 жылды сыр­дариялықтар шат-шадыман күймен шығарып салды. Та­рих қойнауына кеткен жыл ішінде Астана қала­сының 20 жылдығы, Қызылорда қа­ла­сының 200 жылдығы мен Сырдария ауданының 90 жылдығы аталып өтті.
2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялаған елімізде барлық бастама ел жастарына арналды. Ауданда «Жас­тар жылының» салтанатты ашылуы 18 ақпанда өтті. Жиынға жетістікке же­тіп, әр салада еңбек етіп жүрген 300-ге жуық белсенді жастар, жас кә­сіпкерлер, студенттер, оқушылар қа­тысты.
Табалдырықты аттаған жыл аудан үнжариясы үшін тарихи жыл болды. 80 жылдық белесті бағындырған «Тіршілік тынысы» газеті аудан халқымен, тұр­мысымен, әлеуметтік рухани жай-күйімен бірге жасап келеді. Осынау жылдар ішінде газет редакциясында небір мықты қаламгерлер жұмыс істеген. Олардың елге деген қызметі туралы мақалалар аудандық басылымда жыл бойы берілді.
Жыл басында аудан орталығында же­ке жұмыспен қамту агенттігі ашыл­ды. Жұмыссыздықты азайту мақсатын­да ашылған агенттік жұмыссыз азаматтарды мұнай өндірістік компанияларға жұмысқа тұрғызумен айналысады. Бұл бастама «Жастар жылындағы» жарқын жаңалық болды.
Сонымен қатар, айтулы оқиғалар­дың қатарында аудандағы ірі шаруа­шылықтар «Мәді Қажы» ЖШС мен «Ақжарма және К» шаруа қожалығы еліміздегі ең беделді марапаттардың бірі – «Парыз» сыйлығына ие болды. Марапат кәсіп иелеріне халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсартуға, қоғамға өздерінің корпоративтік әлеуметтік жа­уапкершілігін арттыруға, жеке кә­сіпкерлік субъектілерін қалыптас­тыру­ға және көбейтуге ынталандыру үшін берілді.
2019 жылы аудан халқы көптен күткен жаңалық – көгілдір отынмен қамту жұмыстары басталды. Жалпы құны 3,1 млрд теңге болатын Тереңөзек кентіне автоматты газ тарату стансасын орнатумен қоса «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды құбырына бұрма газ құ­бырының құрылыс жобасы іске асты. Осылайша, сырдариялықтардың асыға күткен арманы орындалды.
Елбасының Жолдауына сәйкес елі­­міздегі ең төменгі жалақы 28284 тең­геден 42500 теңгеге өсті.
Шағын және орта бизнесті дамы­туға үлес қосқан үздік кәсіпкерлер қатарында жас кәсіпкер Дана Ашабаева 1 миллион теңге сыйақы алды. Кәсіпкер кент орталығынан мал дәрі­герлік дәріхана ашқан болатын.
Елімізде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент өкілеттігін атқаруға кіріскені осы жылмен тұспа-тұс келді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев президенттік қызметке кіріскендегі Астана атауын Тұңғыш Президенттің есімімен атау туралы ұсынысы қазақстандықтардың зор қолдауына ие болды. Бас қаланың «Нұр-Сұлтан» атануын сырдария­лық­тар да қуанышпен қабыл алды.
Көктемгі егін науқаны диқандар үшін қиыншылықпен басталды. Осы жылы Сырдария өзеніндегі су тапшы­лығына байланысты күріш егісін қыс­қарту жөнінде шешім қабылданды. Ау­дан бойынша 31726 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу межеленді. Оның ішінде, күріш – 20500 гектар, жаздық бидай – 500 гектар, мақсары – 300 гектар, бақша дақылдары – 820 гектар, жаңа жоңышқа – 2906 гектар, ескі жоңышқа – 6700 гектарды құрады. Су тапшы­лығына орай күріш көлемі 200 гектарға қысқартылды.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев аса ма­ңызды Үндеу жариялады. Онда ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу туралы айтылды.
Ауданда жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында арнайы «Жол картасы» бекітілді. Аудан бойынша 2113 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тір­келіп, бұл көрсеткіш өткен жылмен са­лыс­тырғанда 1,5 пайызға өсті. Айдарлы ауы­­лында жас­тар бригадасы құрылды. Тың бастаманы көтерген жастар осы жылы ауылда егіншілікпен айналысуды қолға алды. Айдарлылық жастар бірігіп, ауылдың кіреберісіне ауыл атауы жазылған үлкен қақпа орнатты.
2019 жылы ауданда көзі тірі 2 Ұлы Отан соғысы ардагері болды. Яхия Тасыров пен Махамбет Бержанов – Ұлы Жеңісті жақындатқан қарт-май­дангерлер.
Қаратаудың бөктерінде 5-рет мал­­шылар слеті өтті. Слет аясында аграрлық саланың ең үздік қыз­мет­керлері марапатталды. Солар­дың қата­рында әріптесіміз, журналист Балта­бай Ордабеков үздік БАҚ өкілі ретінде арнайы номинация алды.
9 маусым күні сырдариялықтар жар­қын болашағына таңдау жасады. Ел Президентіне 7 үміткер түссе, Қ.Тоқаев сайлаушылардың 70,76 па­йыз дауысын жинады.
Білім беру саласы облыста алдыңғы орынға шықты. Республикалық пән олим­пиадаларының нәтижесі бойынша аудан облыста бірінші орын алды. Осы жылы 307 оқушы мектеп бітіріп, 204-і ҰБТ-ға қатысты. Білім бәсекесінде бағы жанған бесарықтық түлек, №147 орта мектеп бітірушісі Ақерке Өтеген ең жоғары нәтиже 139 балл еншіледі. Үздік аттестат иегері аудан мерейін ас­қақтатты.
Облысқа жаңа әкім тағайындалды. Осы уақытқа дейін аймақ басшысы болған Қ.Көшербаев Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Прези­денті Әкімшілігінің басшысы болып та­ғайындалды.
Ауданда орын алған жақсы жаңа­лықтардың қатарында кент орта­лы­ғынан Рәміздер алаңынын ашылуы болды. «Парасат» алаңында орна­тыл­ған Рәміздер алаңында мемлекеттік іс-шаралар өтіп, рәміздерге деген құр­мет көрсетілуде.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ласынан туындайтын «Атамекен» кі­ші бағдарламасы аясында «Жомарт жүрек» сыйлығын беру республика бо­йынша қолға алынды. Аудан өмірінде өзіндік қолтаңбасын қалдырып келе жатқан бірқатар азаматқа аталған сыйлық табыс етілді. «Жыл меценаты» – «Мәді Қажы» ЖШС-нің төрағасы С.Сұлтанов, «Туған өлке» номинациясын – Жұмабай Әубәкір, «Жыл тұлғасы» – Болат Дүзімбетов, «Жылдың үздік ұйымы» – «Қызылдихан» шаруа қожалығының төрағасы А.Құлбаев, «Ерен ерлік» номинациясын Өмірзақ Ес­болатов иеленді.
Мұсылмандардың ұлық мерекесі қа­сиетті Құрбан айт қарсаңында Ақ­жар­мада жаңа мешіт ашылды. Бір мезгілде 350 адам намаз оқып, құлшылық ететін мешіт құрылысын «Ақжарма және К» шаруа қожалығының төрағасы Қ.Нұрсейітов жүргізген. «Қызыл Жарты Ай» қорынан көмек алуға қол жеткізіп, елдің қолдауына сүйенген кә­сіпкер сауапты істің негізгі салмағын өз арқасы салды. «Басапа ишан» атын алған мешіттің ашылуында көпшілік шын мәнінде имандылық ордасына айналсын деген тілектер айтты.
А.Тоқмағамбетов ауылындағы ме­­шіт жанынан 150 орындық асхана ашылды. «А.Тоқмағамбетов ЛТД» ЖШС­ демеушілік жасап, құрылысы аяқ­тал­ған асханада ауыл тұрғындары ас-құ­дайы беретін болады.
2019 жылдың 28 тамыз күні аудан әкімдігінде актив өтіп, аймақ басшысы ауданның жаңа әкімін таныстырды. Сырдария ауданының әкімі Р.Рүстемов жаңа қызметке тағайындалғанға дейін облыс әкімінің орынбасары лауазымын­да қызмет атқарып келген.
Осы жылдың қыркүйек айында ҚР Президенті Қ.Тоқаев өзінің халыққа алғашқы Жолдауын жариялады. «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталған Жолдауда ең алдымен ел-халықты толғандыратын мәселелердің шешімін табуға, әлеуметтік ахуалды жақсартуға байланысты жоспар әзір­леу қажеттігіне назар аударылды.
Ауданның спорт саласы да толағай жетістікке жетті. Мемлекет және қо­ғам қайраткері Елеу Көшербаевты еске алуға арналған волейболдан халық­аралық турнирде 22 команда арасынан сырдариялық споршылар 13 дүркін чемпион атанды.
Берекелі күз келіп, егін жинау нау­қаны аяқталды. Облыс орталығында «Алтын дән» мерекесі өтті. Облыс шаруашылықтарының ішінде І дәре­желі дипломмен «Мағжан және К» ЖШС-нің директоры Д.Ералиев марапатталды. Ша­руа­шылық 2630 гектар күріш егіп, 81 центнерден өнім алды. Серіктестік «Озат шаруашылық» номинациясымен марапатталды. Шаруашылықтың озат қызметкері Жасұлан Мығымбаев ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің «Құрмет грамотасына» ие болды. Озаттар қатарында «Озат бригадир» номинациясымен «Ақжарма және К» шаруа қожалығының бригадирі Ә.Қараев, «Озат күрішші» номинациясымен «Мәді Қажы» ЖШС-нің еңбеккері Ж.Ыбыраев, «Шаған Жер» ЖШС диқаны Е.Абляхов марапатталды.
«А.Тоқмағамбетов Жер» ЖШС-нің озат күрішшісі Б.Жақыпов ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен және «БАҚ» шаруа қожалығының озат ди­қаны С.Байтоқаев «Ы.Жақаев» атын­дағы төсбелгіні кеудесіне тақты.
Республикаға үлгілі Н.Ілиясов ауы­лында ауыл әйелдерінің форумы өтті. Форумда өнегелі ісімен, берекелі кәсібімен танылған аналарға арнайы сый-сияпат тапсырылды.
Ауданда өткен «Алтын дән» ме­рекесінде облыстық ақындар айтысы өтті. «Заңғар ақын – Замаддин» тақырыбында өткен айтыс ақын З.Ибадуллаевтың 80 жылдығына арналды. 10 ақын қатысқан айтыстың бас жүлдесін Ерасыл Бәйментай иеленді.
Жетістікке толы болған жылдың ең мерейлі мерекесі – Тәуелсіздік кү­ні қарсаңында Сыр өңірінің әлеу­меттік-экономикалық дамуына жә­не кәсіпкерлік саласының өркен­деуіне қосқан айрықша үлесі үшін «Абай-Дәулет» серіктестігінің директоры Мұрат Сәрсенбаев жыл қорытын­ды­сымен қос бірдей марапаттың иесі атанды. Оның бірі – ҚР Президентінің Жарлығымен берілген «Құрмет» ордені болса, екіншісі – «Жыл меценаты» атағы. Сондай-ақ, «Бесарық» шаруа қожалығының төрағасы Д.Сәрсенбаев пен «Құрақтың Досжаны» атындағы халық ұлт-аспаптары оркестрінің же­текшісі С.Сәдуақасұлы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ҚР «Құрмет грамотасымен» №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей мұғалімі Ү.Батишева наг­радталды.
Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп, аудан орталығында кәсіпкер Г.Әбдіғап­парова «Айша» кондитер өнімдерінің цехын ашты.
Аудан әлеуеті жақсар­ған 2019 жылда сырдариялықтар осындай жетіс­тіктердің куәсі болып, тарих қойнауына тағы бір тарихи жылды шығарып салды.

Бибісара ЖАНӘЛІ
23 қазан 2021 ж. 242 0