Салықтық тексерулер
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының жаңартылған Салық кодексі күшіне енді. Құжат салықтық тексерулер жүргізу тәртібін түбегейлі өзгертіп, бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтуды, бақылау рәсімдерінің ашықтығын арттыруды және дауларды қарау мерзімдерін қысқартуды мақсат етті.
Жоспарлы мен жоспардан тыс тексеру бөлінісі жойылды
Реформаның басты жаңалығы — салықтық тексерулер енді жоспарлы және жоспардан тыс болып бөлінбейді. Оның орнына тексеру тағайындаудың нақты негіздері белгіленді: салық төлеушінің немесе салық агентінің өз өтініші бойынша, сондай-ақ салық жүктемесінің коэффициентін (СЖК) бағалау арқылы. Егер кәсіпкердің салық жүктемесі өңір бойынша орташа салалық деңгейден 90 пайыз немесе одан төмен болса, бұл тексеру тағайындаудың негізі бола алады.
Тексеру түрлері сақталды
Жоспарлы тексерулер жойылғанымен, заңнама бақылаудың бірнеше нысанын сақтап қалды:
кешенді тексеру — салықтар мен міндетті төлемдердің барлық түрі бойынша жүргізіледі;
тақырыптық тексеру — салық салудың жекелеген аспектілеріне бағытталады;
қарсы тексеру — контрагенттермен жасалған мәмілелерді растау үшін тағайындалады.
Хабарлама мерзімдері қатаңдады
Тексеру жүргізу туралы нұсқама салық төлеушіге жазылып берілген сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде табыс етілуге тиіс. Нұсқамаға шағым түскен жағдайда да тексеруді тоқтата тұруға болмайды — бұл норма процестің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бизнеске кедергі болмауы тиіс
Жаңа тәртіп бойынша тексеру жүргізу қағидаты бекітілді: заңда көзделген ерекше жағдайларды қоспағанда, тексеру кәсіпкердің қалыпты қызметіне кедергі келтірмеуі керек, яғни қызметті тоқтата тұру бұрынғыдай жаппай қолданылмайды.
Салықтық бақылау күшейеді
Сонымен қатар сарапшылар 2026 жылдан бастап салықтық бақылаудың жалпы деңгейі артатынын атап өтеді. Атап айтқанда, ҚҚС бойынша тіркеуді өткізіп алған бизнеске елеулі айыппұлдар қаупі туындауы мүмкін. Мамандардың пікірінше, кәсіпкерлердің ең жиі жіберетін қателіктері — салық режимін уақтылы қайта қарамау, жеке банктік карталарды бизнес мақсатында пайдалану және құжаттаманы дұрыс рәсімдемеу.
Қазақстанда қазіргі таңда 2,18 миллионнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, оның 71 пайыздан астамы — жеке кәсіпкерлер. Сондықтан жаңа тексеру тәртібі елдегі кәсіпкерлік ортаның басым бөлігіне тікелей әсер етеді.
Фото: Коллаж El.kz











