Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кішкентай жүрек – үлкен қамқорлық

Кішкентай жүрек – үлкен қамқорлық

«Таза Қазақстан – адал азамат» тұжырымдамасы аясында №174 орта мектебінің 1-сынып оқушылары қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және табиғатқа жанашырлықпен қарауға бағытталған «Кішкентай жүрек – үлкен қамқорлық» тақырыбында шығармашылық жұмыс жасады.

Іс-шара барысында жас бүлдіршіндер тұрмыста пайдаланылған қалдық заттарға «екінші өмір» сыйлап, олардан түрлі бұйымдар жасады. Оқушылар қағаз, картон, пластик ыдыстар, қақпақтар және басқа да қолжетімді материалдарды пайдаланып, өздерінің қиялы мен шығармашылық қабілеттерін көрсетті.

Бұл жұмыс балалардың бойында табиғатты аялау, қоршаған ортаны таза ұстау, заттарды ұқыпты пайдалану және еңбекке жауапкершілікпен қарау дағдыларын қалыптастыруға ықпал етті. Қарапайым қалдық заттардың өзінен әдемі бұйым жасау арқылы оқушылар қайта пайдаланудың маңызын түсінді.

Әрбір жасалған бұйым – баланың еңбегі мен ізденісінің нәтижесі. Шығармашылық жұмыс барысында оқушылар қызығушылықпен еңбек етіп, өз қолдарымен жасаған бұйымдарын мақтанышпен таныстырды.

– Бүгінгі кішкентай оқушы – ертеңгі елдің азаматы. Сондықтан бала бойына тазалық, ұқыптылық, еңбекқорлық, жауапкершілік және табиғатқа деген сүйіспеншілік қасиеттерін қалыптастыру – басты міндеттердің бірі, – дейді сынып жетекшісі Мөлдір Кереева.

«Таза Қазақстан – адал азамат» тұжырымдамасы аясындағы бұл жұмыс оқушыларға табиғатты қорғаудың маңызын түсіндіріп қана қоймай, оларды адал еңбекке, шығармашылыққа және қоршаған ортаға қамқорлық жасауға тәрбиеледі.

Таза орта – жарқын болашақтың бастауы!


Э.САҒЫНДЫҚОВА,
№174 орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
27 қыркүйек 2026 ж. 53 0