Су тапшылығы алқымнан алды
Биылғы егін егу науқаны шаруаларға қиын болып тұр. Сырдария өзенінің сарқылуы асыраушы сала жұмысына кері әсер етуде. Бұған дейін су шаруашылығы мамандарының «Егістік көлемін азайту керек, су тапшылығы болады» дегеніне көпшілік құлақ түрмеп еді. Енді сол қиындықпен бетпе-бет келіп отыр.
Сырдарияның табаны көрініп жатыр
Сырдария өзені өңірді асырап отырғаны рас. Сонау көршілес мемлекеттер Қырғызстан мен шығыс Өзбекстандағы өзендерден бастау алатын дария 2,212 шақырымды қамтып, Арал теңізіне құяды. Өзеннің төменгі бөлігінде орналасқан Сыр өңірі осы ағынды су арқылы егін егіп, ата кәсіптен нәпақа тауып отыр.
Осыдан 5-6 жыл бұрын өзен суы арнасынан асып, топан суға тосқауыл болудың қамын жасайтын едік. Су тасқынының алдын алу шаралары ұйымдастырылып, кейбір кездері егістік алқаптарды су басып қалғаны бар. Ал биыл нағыз егінге су қажет кезде Сырдарияның табаны көрініп, алаңдаушылық туындатып отыр.
Жалпы, «Арал-Сырдария» бассейндік кеңесінің шешіміне сәйкес, Қызылорда облысының ағын су шегі (лимит) 4 млрд 300 млн текше метрді құрайды. Бүгінде облыстық су шаруашылығының мамандары Шардара су қоймасынан секундына 250 текше метр, Көксарайдан 300 текше метр төменге су жіберіліп жатқанын айтады. Яғни, өңірге барлығы шамамен секундына 500 текше метр су келуде. Бұл өткен жылдың су көлемімен шамалас болғанымен, егісті өңірдің егініне су жетіспеушілік бар.
Биылғы жылы су тапшылығының болуын мамандар «Тоқтоғұл» су қоймасындағы су деңгейінің 30 пайызға дейін төмендеуімен байланыстырады. Яғни, өткен жылы су қоймасында 11 млрд текше метр су болса, биыл су деңгейі 3 млрд текше метрге кеміген. Сонымен қатар су мамандары дария суының күрт төмендеуін әр 7 жыл сайын аймақта су тапшылығы сезілетінін, биыл сол су тапшылығы байқалатын 7-ші жылға сәйкес келіп тұрғанын атайды. Ал ғалымдардың болжамы бойынша, 2040 жылға дейін су тапшылығы 50 пайызға жетуі мүмкін. Биыл бағамдай қарасақ, су тапшылығы бұл көрсеткіштен де асып түсетіндей. Не де болса өзен суының сарқылуы Сыр шаруаларың шымбайына батып тұр. Мұның шешімі табылмаса, алдағы жылдарды елестетудің өзі қиын.
Суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық берілуде
Өңірде су тапшылығы өткен жылдан бері сезіле бастады. Сыр диқандары егінге су жетіспеушілігін көріп, каналдарға насос қойып, күрішті суарды. Сол кездің өзінде ауыл шаруашылығы мамандары биыл оңай соқпасын біліп, шаруаларға барынша ескертті. Мұндай тығырықтан шығудың бірден-бір жолы суды аз қажет ететін дақылдарға басымды беру екенін түсіндірді. Соған орай биыл облыс көлемінде 188,2 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 мың гектарға артық. Алайда, суды көп қажет ететін күріштің көлемі азайып отыр. Яғни, өңірде Сыр дақылының көлемі 5 мың гектарға азайтылды.
– Өңірде егіншіліктің негізгі бағыты күріш шаруашылығы болып есептеледі. Бұл, ең алдымен, облыстың табиғи-климаттық ерекшелігіне байланысты. Дегенмен, соңғы жылдардағы су тапшылығына байланысты күріштің көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 5,1 мың гектарға азайды. Мақсат – суды үнемдеу арқылы ауыл шаруашылығын әртараптандыру. Биыл 96,6 мың гектар жерге дәндi дақылдар, 66,4 мың гектарға мал азықтық дақылдар, 18,5 мың гектарға картоп, көкөнiс, бақша өнімдері және 6,7 мың гектар жерге майлы дақылдар орналастырылады, – деді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев.
Енді ауданға келсек. Ауданда өткен жылы барлығы 33110 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, оның ішінде Сыр салысы 21126 гектарға егілді. Ал биыл егістік көлемі 32659 гектар жерді қамтыса, күріш көлемі 20600-ге қысқарып отыр. Соның есесіне суды аз қажет ететін мақсары дақылының көлемі өткен жылға қарағанда 51 гектарға, мал азығындық егістік көлемі 1073 гектарға артқан. Сондай-ақ бұрын-соңды егілмеген, суды аз қажет ететін соя дақылы 28 гектарға, арпа 84 гектарға орналастырылған.
– Биылғы жылдың 14 сәуірдегі мәлімет бойынша аудандағы ауыл шаруашылық құрылымдары 12964 гектар жерге дән сеуіп болды. Бұл барлық егілетін егіннің 62,9 пайызын құрайды. Ал қазіргі таңда 9980 гектар егістік суға бастырылды. Бұл 48,4 пайызды көрсетіп отыр. Жалпы, бір күнде ауданда 550 гектардың үстінде егістік алқап суға бастырылуда, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Әзірбек.
Егінді кезекпен суаруда
Жоғарыда атап өткендей, мамандар «Су тапшылығы болады» дегенге «жылдағы әңгіме ғой» деп мән бермеген шаруалардың енді көздері жеткендей. Олар дән себілген атызға су жетпей жатқанын көріп, ағын судың алдын тосып әлек. Осыған байланысты аудан әкімі Т.Дүйсебаев шаруашылықтарды аралап, еңбеккерлермен кездесті. Кездесуде облыс, ауданның су мамандарымен пікірлесіп, егінге су жеткізу жайын бірлесе ақылдасты. Өзен бойынан 6 ауданның су алатынын ескеріп, қазіргі су арналарының төмен деңгейде екенін, бар суды үнемді, кезекпен пайдалану керектігін жеткізді.
Бұл ретте, шаруашылықтар егін егуде кезектілік принципін ұстануда. Яғни, бұрынғыдай егілетін егіс көлеміне жаппай дән себуді тоқтатқан. Оның орнына атыздықтарға кезектілікпен егін егіп, суға бастыруда.
– Биыл 50-ші мәрте егін жинау науқанына қатысамын. Осы уақыт аралығында талай қиындықты бастан өткердік. Егістік алқапты су алып кету, кейде су тапшылығы, техниканың жетіспеушілігі секілді көптеген қиындықты еңбеккерлердің күш-жігерінің, елдің бірлігінің арқасында еңсере білдік. Қазір шаруашылық жағдайын жақсы деңгейге жеткіздік. Енді ел әлеуетін арттыруды жоспарлап отырған сәтте біздің алдымыздан тағы қиындық шықты. Күрішке су жетіспеуде. Қазір дән себілген егістік алқаптар сусыз жатыр. Біз су тапшылығы болады дегенді естідік, соған орай өзіміздің жоспарымыздан асырып егін еккен жоқпыз. Алайда, күріштің қарасын басарда судың болмауы жұмыс тәжірибемде бірінші рет болып отыр. Бүгінде шаруашылық бойынша 700 гектар жердің 360 гектарына Сыр дақылын егіп, оның 355 гектары су ішіп отыр. Биылғы жағдай тым қиын. Сондықтан біз кезектілікпен егін егуді ұйымдастырып отырмыз, – дейді «Қызылдихан» шаруа қожалығының төрағасы Алданберген Құлбаев.
Биылғы көктемнің алғашқы кезеңдерінен-ақ су тапшылығы алқымнан алды. Алда жаз, күз бар. Әсіресе, күріш бас көтергенде суды көп қажет етеді. Ол кезеңдер де шаруаларға оңай тиейін деп тұрған жоқ. Сондықтан диқандардың егін егу науқанын сәтті аяқтап, алдағы тығырықтан да аман-есен шығуын ел болып тілеп отыр. Тағы бір айта кететіні, «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, биылғы қиындықтан соң шаруалар да суды аз қажет ететін дақылдар көлемін көбейтуге қам жасайтын болар.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ