Ақжармалық диқандар мол өнімнен үмітті
Тіректі елді мекен саналатын Ақжарма ауылында қос ірі шаруашылық бар. Соның бірі аудандық мәслихат депутаты Марат Бисенов басқаратын «Ақжарма-2» шаруа қожалығының диқандары аудан қамбасын астыққа толтыруда жыл сайын мерей тұғырынан көрініп келеді. Биылғы жылы да сол үдеден шығу үшін еңбеккерлер егістік танапта маңдай терлерін төкті. Егінге кері ықпалын тигізетін ауа райының түрлі факторлары мен су тапшылығы қиыншылықтарын еңсеріп, науқандық жиын-терімде мол өнімнен үмітті.
Биыл диқан Ерлан Сүлейменовтың шаруашылықта еңбек етіп жүргеніне 11 жыл толып отыр. Оның егін егу саласында тәжірибесі мол. Ол кеңестік кезеңде егін егуде даңқы шыққан Ы.Жақаевтың ізбасары, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Абат Сүлейменовтей ағасының тәрбиесін көрген. Жас шағында даңғайыр диқаннан егін егудің қыр-сырын меңгеріп, 2009 жылдан бері аталған шаруашылықта жұмыс жасап келеді. Аға ізін жалғаған күрішші жыл сайын қырманды қызылға толтыруға үлес қосып, абыройға бөленуде. Биылғы жылғы алғашқы егін орағының Ерлан Сүлейменовтың егістігіне түсуінің де мәнісі сол болса керек.
«Ақжарма-2» шаруа қожалығының егінге орақ салу рәсіміне аудан әкімі Руслан Рүстемов арнайы барып, еңбеккерлерді мерейлі шағымен құттықтады.
– Даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев күрішті «қымбатты да сымбатты дақыл» деген. Яғни күріш – өзінің сымбаттылығымен көз тартатын, бірыңғай суда тұрып өсетін бірден-бір дақыл. Сондықтан Сыр күріші ел ырысы саналады. Елге нәсіп болған егін егуде еңбек дәстүрі қалыптасқан. Ала жаздай маңдайын күн сүйген диқандар тынымсыз тіршілік етіп, алтын күзде егіннен несібесін көруге ниетті. Бұл ретте, егінші – мәрт болса, жер – жомарттық танытады. Несібесін жерден іздегендердің көштен қалғаны жоқ. Сол себепті де «Егінші жылда арманда» дегендей, биылғы жиын-терімді шашпай-төкпей, абыроймен аяқтауға тілектеспін. Қырман қызылға толсын, – деді аудан әкімі.
Биылғы жылы Ақжарма-2» ШҚ 1200 гектар жерге күріш дақылын еккен. Бұл жерге «Лидер» тұқымы себіліп, агротехникалық талаптар сақталған. Шаруашылық егін егумен қатар мал шаруашылығы өнімін өндіру жұмыстарын да қатар алып келеді. Осы жылы 87 гектар жерге жаңа жоңышқа егілсе, қазіргі таңда 83 гектар ескі жоңышқаның өнімі жиналуда. Осы жұмыстарға ауылдағы 145 адам жұмылдырылып, жұмыспен қамтылған.
Шаруашылықта техникаларды жаңалауға жыл сайын көңіл бөлінеді. Биыл 1 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Қазіргі егін жинау науқанына техникалар сақадай сай. Бүгінгі егін орағы 4 өндірістік бригада (бригадирі Қадір Мутаусов) жерінен бастау алды. Шаруа қожалық төрағасы М.Бисенов бұл жылдың да табысты боларына сенім білдіріп отыр.
Егінге орақ салу рәсімінде лента қиылғаннан кейін ауыл ақсақалы Қалданбек Сыздықов өнімнің мол болуына ақ батасын берді.
Айта кету керек, бүгігі егінге орақ салу рәсімінен кейін шаруашылық тарапынан ауылдағы көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларына 4 дана планшет сыйға берілді. Сондай-ақ мұндай игі іске «Ақжарма және К» шаруа қожалығы да үн қосып, 2 дана планшет алып берді.