Білім негізі бастауышта
Нағи Ілиясов ауылында орналасқан №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектебінде бастауыш сынып әдістемелік бірлестестігінің ұйымдастыруымен «Заман талабы – өзгеріс» тақырыбында апталық өтті. Жаңа педагогикалық технологияларды күнделікті сабақ барысына енгізу, білім беру саласын жаңашаландыруды көздейтін апталықтың алғашқы күнінде бірлестік жетекшісі М.Нұрашева мұғалімдер мен оқушыларды жоспармен таныстырып, іс-шараларды ұйымдастыруда белсенді болуға шақырды.
Қоғамның дамуына орай ғылым мен техника да ұдайы жетілуде. Соған сәйкес кез келген мамандықтың мәні мен мазмұны жаңарып, жаңа мақсаттарды көздейтіні анық. «…Адамзат үшін XXI ғасыр жаңа технологиялардың ғасыры болмақ, ал осы жаңа технологияларды жүзеге асырып, өмірге енгізу, игеру және жетілдіру – бүгінгі жас ұрпақ, сіздердің еншілеріңіз. Ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында» деген еді Елбасы Н.Ә.Назарбаев бір сөзінде.
Осы мақсатты көздеген бірлестік құрамындағы мұғалімдер апталық барысында жаңа әдіспен ашық сабақтар өткізді. Алғашқы сабақтың бірін бірлестік жетекшісі М.Нұрашева және Ф.Ерманова сауат ашу пәнінен жүргізіп, 1-сынып оқушыларына «Ұлттық тағамдар. Әліпби» такырыбын түсіндірді. Сабақ барысында жаңа педагогикалық технологиялар мен жаңашыл әдіс-тәсілдер қолданылып, оқушылардың қызығушылығын арттыра түсті. Сабақ соңы «Наурызкөже» әдісі бойынша корытындыланып, әліпбидегі әріп пен таңбаны үйретіп, қайталатумен қоса қазақтың ұлттық құндылықтары мен рухани байлығын бүлдіршіндер бойына дарыту көзделді. Белсенділік танытқан балалар «Үздік оқушы» номинациясы бойынша марапатталып, ынталандыру жағы да естен шығарылмады. Жаңа әдістер арқылы танымдық қабілеттерін шыңдаған оқушылар ұлттық тағамдармен таныса отырып, атауларына дыбыстық талдау жасады.
Ал 2-сыныптықтарға сынып жетекшілері А.Дәулетшиева, А.Қалжігітовалар «Жеті лақ» ертегісін сахналатты. Оқушылар сюжетті қимыл арқылы көрсете білуді, дауыс ырғағы мен көркемділігін дұрыс үйлестіруді үйреніп, шеберліктерін дамытты. Сондай-ақ, үй жануарын қорғау қажеттігін түсіндіру – жаңаша тәсілмен өткізілген сабақтың негізгі мақсаты болды.
Апталық барысында мектепалды даярлық тобы да тыс қалмады. Жетекшілер Г.Түменбаева, А.Ахметова, А.Байназаровалар бірлесе отырып, «Біз мектепке барамыз» атты әдеп сағатын өткізді. Бүлдіршіндер мектеп әлеміне саяхат жасап, оқулықтармен, мектеп ережелерімен танысты. Балалар өз өнерлерін ортаға салып, мектеп әлеміне деген ынталарының жоғары екенін көрсете білді.
«Заман талабы – өзгеріс» апталығы кезінде ағартушы, ғалым Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына, қазақтың ұлы ақыны А.Құнанбайұлының 176 жылдығына, жыр алыбы Ж.Жабаевтың 175 жылдығына орай 3-сыныптар арасында сынып жетекшілері А.Баймахан мен Г.Жұбандықовалардың ұйымдастыруымен «Өлең – сөздің патшасы сөз сарасы» тақырыбында ауқымды сайыс өткізілді. Онда аталған тұлғалардың өмірбаяны таныстырылып, мәнерлеп оқу жарысы да ұйымдастырылды. Шара соңында қатысушыларды ынталандыру жағы да ескерілді.
Тек бұл емес, апталық барысында оқушылардың ойын жетілдіріп, қызығушылығын арттыру, топпен жұмыс жасай білуді, ойларын дәл және толық жеткізе білуді мақсат еткен қызықты әрі ұтымды ұйымдастырылған сабақтар көптеп жүргізілді. Атап айтар болсақ, А.Тұрабай 2 «в» сыныбына «Ойлы болсаң, озып көр!» атты кіріктірілген сайыс сабағын өткізсе, 4 «а» сыныбының жетекшісі А.Қаймолдаева өз сыныбына «Қош келдіңдер, қанатты достар» тақырыбымен ашық тәрбие сағатын ұйымдастырды. Сабақтарда балаларға ұлттық құндылықтарды ұқтыру, табиғатты қорғауды үйрету, бейбітшілік пен егемендіктің қадірін түсіндіру және ерен тұлғаларды дәріптеу жағына баса мән берілді.
Сондай-ақ, Ж.Кеңесбекова 4-сыныптықтарға әдебиеттік оқу пәнінен «Ғарышқа саяхат. Бейбіт өмір тамаша» деп аталатын ашық сабақ өткізіп, балаларды шығармашылыққа баулыды. Ал, Ж.Тұргелдиева «Ғарышкердің ас мәзірі» тақырыбында ұтымды сабақ ұйымдастырып, 4 «в» сыныбының оқушылары сабаққа белсене қатысты. Балалар мұғалімнің тиімді әдіс-тәсілінің нәтижесінде сабақты талдай отырып, көптеген мағлұмат алды. Сондай-ақ, 3 «в» сыныбына «Жаңбырдың пайдасы» тақырыбында сабақ өткізген А.Бекмағанбетова оқушылардың қоршаған ортаға көзқарасын қалыптастыру мақсатында жаңа тәсілдер мен технологияны тиімді пайдаланды. Ал, А.Юсипбекова алғашқы сыныптықтарға сауат ашу пәнінен ашық сабақ жүргізіп, оқушыларға буынға бөлуді үйретіп, сабақ барысында балаларды мадақтап, ынталандыруды да қалыс қалдырмады.
Апталықты корытындылау мақсатында ұйымдастырылған жиналыста мектеп директорының бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары Г.Кенжеғұлова мәнерлеп оқу сайысына белсене қатысқан, пәндік сөзжұмбақтар, ребустар құрастырған және оның шешуін тапқан оқушыларға мақтау қағаздарын табыстады.
– Апталық абыроймен және жоғары деңгейде өткізілді. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз. Оқушылар көп нәрсе үйрене алды. Олардың әр сабаққа ерекше ынтамен қатысуы да әр шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанының көрінісі. Бастауыш сынып мұғалімдеріне шығармашылық табыс тілейміз, – деді Г.Кенжеғұлова сөзін түйіндеп.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ