Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім ордасында ерекше апталық өткізілді

Білім ордасында ерекше апталық өткізілді

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан халқы бүкіл әлемде үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» деген болатын. Осы орайда, Нағи Ілиясов ауылындағы №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектебінде «Орыс тілі және ағылшын тілі пәні» бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жизнь замечательных людей» немесе «Famous people» тақырыбында апталық өтті.

Апталық басталмас бұрын орта мектеп директоры Ілияс Анафияевтің төрағалығымен жиналыс өтті. Жиналыста апталық барысында ұйым­дастырылатын іс-шаралар жоспары нақтыланып, атқарылуы тиіс жұмыстар пысықталды. Бірлестік жетекшісі Гүлшат Махантаева баяндама жасап, мұғалімдердің білім беру мен тәрбие жұмыстарын ұштастыруға басымдық беретінін жеткізді.

Апталықтың алғашқы күні орыс тілі пәні мұғалімі Гүлшат Бүркітбайқызы «ZOOM» платформасы арқылы А.С.Куприннің «Жизнь и творчество» әдеби еңбегін түсіндірді. Мұнан бөлек «Гранатовый браслет» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Сабақ барысында оқытудың түрлі әдіс-тәсілдері қолданылып, оқушылардың білім деңгейі мен ой-қабілеттері анықталды. Ашық сабаққа белсене қатысқан балалардың бір-біріне достық сезімдері оянып, құрметтері арта түсті. Орыс тілі пәнінің мұғалімі Дәрігүл Халбекова 5, 7, 8 сынып оқушылары арасында «Как прекрасен этот мир» тақырыбында мәнерлеп оқу сайысын өткізді. Карантин талаптарына сәйкес ұйымдастырылған сайыста оқушылар қазақ және орыс әдебиетінің көрнекті тұлғаларының шығармаларын жатқа мәнерлеп оқыды. Өз кезегінде орыс тілі пәні мұғалімі Серіккүл Оразбаева 9 «а» сыныбында К.Паустовскийдің «Телеграмма» әңгімесі жайлы онлайн сабақ өткізді. Оқушылар «Микрофон» әдісімен аталған әңгімеден алған әсерлерімен бөлісті. «Цветок Лотоса» әдісі арқылы басты кейіпкерлерге мінездеме жасалды. Балалардың әңгімені қалай меңгергенін тексеру үшін мини-тест ұйымдастырылды.

Қызықты әрі жоғары деңгейде ұйым­дас­ты­рылған апталықта ағылшын тілі пәні мұғалімі Әлия Балмағанбет пен орыс тілі пәні мұғалімі Перизат Жәлімбеттің бірлесе ұйымдастыруымен «Литературная гостиная» және «Famous people» та­қырыбында қашықтан сыныптан тыс іс-шара өтті. Бұл іс-шараның мақсаты аудар­машы ақын-жазушылардың еңбектерінің ерек­ше­лігін айқындау болып табылды. Сыныптан тыс іс-шара барысында оқушылар ұлы ақын Абай Құнанбайұлының аударма өлеңдерінен, орыс ақындары А.С.Пушкиннің, С.Маршактың шығар­маларынан көрініс көрсетті. Сондай-ақ ағыл­шынның ұлы жазушысы У.Шекспирдің соннетталарын мәнерлеп оқыды.

Сыныптан тыс бір іс-шара денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне арналды. Атап айтқанда, орыс тілі пәні мұғалімі Әсел Әбілова және ағылшын тілі пәні мұғалімі Мөлдір Қалиева оқушыларға төтенше жағдай кезеңінде халықтың денсаулығын нығайту мақсатында дәрігерлердің сіңірген еңбегін насихаттады. Арнайы видеожазба әзірленіп, оқушылар назарына ұсынылды.

Ұстаз Ә.Әбілова «ZOOM» платформасы ар­қылы «Зима в творчестве С.А.Есенина» та­қы­рыбында ашық сабақ өткізді. Сондай-ақ ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ләйлә Жұмабекова қашықтан оқытуды ұйымдастыру тақырыбында мұғалімдерге онлайн тренинг өткізді. Тренингте мұғалімдер ғаламтор желісі арқылы онлайн сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдер бо­йынша берілген тапсырмаларды орындады. «Wordwall», «Nearpod», «Learningapps», «Kahoot» бағдарламаларының қашықтықта сабақ беруде тиімді жақтарын түсіндірді. Кері байланыс орнату арқылы «Jamboard» тақтасымен де жұмыс жасалды. Ағылшын тілі пәні мұғалімі Индира Жанзақова «ZOOM» платформасы арқылы «The Mausoleum of Aisha bibi» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Ашық сабақта оқушылармен топтық жұмыс жасалды. «Thinkway» әдісі арқылы оқушылардың сабақты қалай меңгергені тексерілді. Айша бибі кесенесі туралы кең көлемді мағлұмат берілді.

Атап өту керек, апталық аясында ағылшын тілі пәні мұғалімі Гүлзат Аманкелдиева «Weather» тақырыбында бейнесабақ ұйымдастырды. Сабақ барысында оқушылар төрт мезгілде болатын ауа-райы құбылыстарымен танысып, суреттегі әр түрлі ауа-райын ағылшын тілінде айтты. Жас маман оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдерін қолданып, оқушылар сабаққа белсене қатысты.

Осылайша, ауыл мектебіндегі апталық жоғары деңгейде қорытындыланды. Апталыққа белсене қатысқан ұстаздар мен оқушылар арнайы марапатталды.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
16 ақпан 2021 ж. 841 0