Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл мектебіндегі апталық

Ауыл мектебіндегі апталық

Нағи Ілиясов ауылындағы №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектебінің «Химия, биология, география» пән бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жаратылыстану әлемінде» атты апталық өтті. Апталықта мұғалімдер оқыту мен тәрбиелеу­дің негізгі үдерісі аясында адамгершілігі жоғары, қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыруға басымдық берді.

Апталық басталмас бұрын пән бір­лестігінің жоспары мектеп директоры І.Анафияевтің назарына ұсынылды. Атқарылатын істер нақтыланып, әр мұғалім өз міндетіне кіріскеннен кейін оқушылардың химия, биология және география пәндеріне қызығушылығын арттыру мақсатында нақты іс-шаралар ұйым­дастырылды. «Жаратылыстану әле­мінде» атты тақырыпта бірлескен пән мұғалімдері апталықты салтанатты түрде ашып, қоғамды алға жетелейтін білім, өнер, тәрбие атты құндылықтар екенін атап өтті.

Апталық барысында география пәні мұғалімі Гүлнара Бекенова 7 «в» сыныбына «Табиғат ресурстарын игеруге байланысты проблемалар» тақырыбында ашық сабақ өтті. Сабақта белсенді оқу жұмыстары жүргізіліп, кері байланыс орнатылып, оқушылар лайықты бағаланып отырды. Биология пәні мұғалімі Назия Тулегенова оқушыларды биология ғылымының мәліметтерімен таныстыру мақсатында 7 «в» сыныбында «Биология әлеміне сая­хат» тақырыбында сыныптан тыс сайыс сабақ ұйымдастырды. 8 кезең бойынша өрбіген сайысқа «Тамыр», «Өсімдік», «Жапырақ» топтары белсене қатысып, жоғары ұпаймен «Өсімдік» тобы жеңіске жетті.

Пән бірлестігі мүшелерінің айтуынша, теория бойынша «Лессон стади» зерттеу сабағы – оқушының оқуына мұғалімнің кәсіби дамуына ықпал ететін педагогикалық тәсіл. Аталған педагогикалық тәсіл апталық барысында қолданылды. География пәнінің мұғалімдері Жанболат Нұрмағамбетұлы 9 «б» сыныбында «Қазақстан аймақтары инфрақұрылымының даму деңгейі», Гүлжан Бисенбаева 7 «а» сыныбында «Көлік инфрақұрылымы» тақырыбында зерттеу сабақтарын өткізді. Сабақ барысында оқушылардың іс-әрекетіне талдау жүргізіліп, бақылаушылар сәтті, сәтсіз тұс­тарын анықтады.

Өз кезегінде биология пәнінің мұғалімі Нұрия Мұзаппарова «Екінші реттік жыныстық белгілер. Ұлдар мен қыздардың жыныстық жетілуі. Биологиялық және әлеуметтік жетілу», химия пәнінің мұғалімі Нәзгүл Уалиева «Алкандар» тақырыбында ашық сабақ ұйымдастырды. Мұнан бөлек, биология пәні мұғалімдері Райкүл Айдарбекова 3 «а» сыныбына «Дыбыс қалай пайда болды?», Серікжан Оспанов «Ұрықтың іште дамуы» тақырыбында сабақ өтті. «Адам организміндегі химиялық элементтер» тақырыбында ашық сабақты химия пәні мұғалімі Баян Қалыбаева ұйымдастырып, топтық, жұптық, жеке жұмыстар жүргізіліп, бағаланды.

Апталықта биология пәні мұғалімі Ақжан Алиева мектеп ұстаздарымен «Жаңашыл ұстаз – болашақтың мектебін қалаушы» тақырыбында коучинг өткізді. Коучингте мұғалімдер бірлесе жұмыс жасап, таяу болашақтағы мектептің макетін жасады. Өзара талқылау жүргізіп, ойларын ортаға салды.

– Еліміздің болашағы – жас ұрпақтың қолында екені белгілі. Ал жас ұрпақтың болашағы ұстаздардың қажырлы ең­бегіне тікелей байланысты. Осы ретте ел мен елді тек білім теңестіретінін атап өткеніміз жөн. Біз апталық барысында оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін қолдандық. Оқушылардың білімін арттырумен қатар тәлім-тәрбиесіне де мән бердік. Әрбір іс-шара мен ашық сабақ соңында талқылау ұйымдастырылды. Апталық қорытындысы бойынша «Жаратылыстану әлемінде» атты апталыққа белсене қатысқан ұстаздар мен оқушылар марапатталды. Алдағы уақытта да осы тектес іс-шаралар ұйымдастырылатын болады, – дейді «Химия, биология, география» пән бірлестігінің жетекшісі Баян Қалыбаева.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

20 сәуір 2021 ж. 1 813 0