Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көліктері батпаққа батып қалған: Қызылорда облысында полицейлер шетелдік туристерге көмектесті

Көліктері батпаққа батып қалған: Қызылорда облысында полицейлер шетелдік туристерге көмектесті

Қызылорда облысында полиция қызметкерлері қиын жағдайға тап болған шетелдік туристерге дер кезінде көмек көрсетіп, олардың сапарын қауіпсіз жалғастыруына ықпал етті, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.

Қытай Халық Республикасы мен Ресей Федерациясынан келген саяхатшылар Арал теңізінің табиғатын тамашалап, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысуды мақсат еткен. Алайда теңіз жағалауына бет алған туристер мінген автокөліктер батпаққа батып, әрі қарай қозғала алмай қалған. Бейтаныс жерде қиындыққа тап болған шетелдік азаматтар “102” арнасына хабарласып, көмек сұраған. 

Хабарлама түскен бойда оқиға орнына Арал аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Ержан Құлекенов пен табиғат қорғау инспекторы Нұрсұлтан Сағымбаев жедел жетті. Тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындармен бірлесіп, туристерге қажетті көмек көрсетті. Нәтижесінде саяхатшылар қиын жағдайдан шығып, сапарларын еш кедергісіз әрі қарай жалғастыра алды.

Бұл оқиға полиция қызметінің тек қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен шектелмейтінін, қиын сәтте көмекке мұқтаж әрбір жанға қолдау көрсету де маңызды міндеттердің бірі екенін көрсетті.
06 қараша 2026 ж. 16 0