Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан бензин мен дизель сатуға қатысты шектеуді тағы ұзартты

Қазақстан бензин мен дизель сатуға қатысты шектеуді тағы ұзартты

Қазақстан бензин, дизель отыны және басқа да мұнай өнімдерін шетелге шығаруға салынған тыйымды тағы алты айға ұзартты. Шектеу 2026 жылғы 22 қарашадан 2027 жылғы 22 мамырға дейін күшінде болады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов тиісті бұйрыққа қол қойды. Құжат бойынша 2027 жылғы 1 қаңтардан 30 маусымға дейін жеңіл дистилляттар, авиациялық керосин, дизель отыны, газойль, толуол, ксилол және мұнай битумын ЕАЭО аумағынан тыс елдерге шығаруға да тыйым салынады.

Алайда кейбір жағдайларда мұнай өнімдерін шетелге шығаруға рұқсат бар. Мысалы, бензин мен дизель отынын көліктің зауытта орнатылған жанармай багында алып шығуға болады.

Сондай-ақ авиациялық отынды сынақ жұмыстарына пайдалануға рұқсат етіледі. Бұдан бөлек, Үкіметтің шешімімен мұнай өнімдерін гуманитарлық көмек ретінде шетелге жіберуге болады.

Қазақстан мұнай өнімдерін экспорттауға салынған тыйымды алғаш рет 2026 жылғы 21 мамырда енгізген еді. Ол 21 қарашаға дейін сақталуы керек болатын. Алайда министрлік шектеу мерзімін тағы алты айға ұзартты.



Сурет: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
06 қараша 2026 ж. 29 0