Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Конституция-ұлт болашағының берік негізі

Конституция-ұлт болашағының берік негізі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында Конституцияның ел өміріндегі тарихи әрі стратегиялық маңызына ерекше назар аударылуы-терең мәнге ие бастама. Президент атап өткендей, Конституцияны бірнеше ұрпақ арасындағы қастерлі келісім деп бағалауға болады. Себебі Ата Заң-мемлекеттілігіміздің берік тұғыры, тәуелсіздігіміздің басты нышаны және қоғамның ортақ құндылықтарын айқындайтын маңызды құжат. Онда Қазақстанның бүгінгі болмысымен қатар, келешек ұрпаққа арналған даму бағдары мен мемлекетіміздің болашақ бейнесі көрініс табады.

Менің ойымша, Конституцияның құндылығы оның құқықтық нормаларымен ғана емес, қоғамды ортақ мақсат пен ортақ жауапкершілік төңірегінде біріктіре алуымен де өлшенеді. Өйткені кез келген мемлекеттің тұрақтылығы заң үстемдігіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына және қоғамдық келісімнің сақталуына тікелей байланысты. Ата Заң әрбір азаматтың мемлекет алдындағы ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілігін де айқындайды. Сондықтан Конституцияны құрметтеу-елді, оның тарихын, тәуелсіздігін және болашағын құрметтеу деген сөз.

Әсіресе жас ұрпақтың бойында конституциялық мәдениет пен құқықтық сауаттылықты қалыптастырудың маңызы зор. Бүгінгі жастар еліміздің ертеңгі дамуына жауапты буын болғандықтан, олардың заңды білуі, азаматтық ұстанымы берік болуы және қоғамдық өмірге белсенді араласуы маңызды. Ұрпақтар сабақтастығы арқылы қалыптасқан құндылықтар мемлекетіміздің ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен өркендеуіне негіз болады.

Жолдауда айтылған бұл тұжырым Конституцияның тек бүгінгі күннің құқықтық тірегі емес, болашаққа бағытталған стратегиялық бағдар екенін айқын көрсетеді. Сондықтан Ата Заңға деген құрмет әрбір азаматтың күнделікті іс-әрекетінен, заңға бағынуынан және ел дамуына қосқан үлесінен көрініс табуы тиіс. Конституция-өткенімізді бүгінмен сабақтастырып, келешек ұрпаққа аманат етер ең қастерлі құндылығымыз.
06 қараша 2026 ж. 20 0