Қала тұрғынын құтқарды

Іңкәрдария ауылдық учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Нұртас Жапбасбаев «42» бекетке жедел жетеді. Оған көмекке Ақжарма ауылдық учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Жандос Жұмабек те келген. Тәртіп сақшылары іздестіру жұмыстарын жүргізіп, сол маңдағы тұрғындардан сұрастырады. Ешкім көрмеген. Одан кейін «42» бекетінен өтетін Жаңадария өзенінің батыс жақ бетін, шамамен 6 шақырым жерге дейін қарап шығады. Бұл маңнан да табылар емес. Даланы қараңғылық басқан. Келесі кезекте учаскелік полиция инспекторлары «42» бекеттен өтетін Жаңадария өзенінің шығыс жақ бетіне өткенде белгісіз бір азаматтың даусы шығып, соған қарай беттейді. Бұл кезде су ортасында 4-5 сағат уақыт отырған жігіт әбден қалжырап, тоңған. Оның үстіне қайықтың тесігі болып, тәртіп сақшылары келемін дегенше қайықтың ішіне кірген суды қолмен сыртқа төгіп отырған. Жедел әрекетке көшкен қос полиция инспекторы Жаңадария арнасына қарай 200 метр суды кешіп барып, қызылордалық тұрғынды жағаға шығарады. Алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жағдайын қалыпқа келтіреді. Содан кейін аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, оқиға бойынша түсініктеме алынған.
– Біз барғанда әлгі азаматтың түрі бозарып кетіпті. Шамасы қорқып қалған болуы керек. Еш қимылсыз, тек дауысы ғана шығып отыр. Енді үсті-басы су болған адамның түнгі салқында 4-5 сағат отыруы әрине жағдайын әлсіретеді. Не керек, кешкі 17.30-дар шамасында іздеуді бастап, түнгі 21.30-да аман-есен құтқарып алдық, – дейді аға лейтенант Н.Жапбасбаев.
Қоғамның тыныштығын күзетіп жүрген тәртіп сақшылары өздерінің міндетін абыроймен атқарып, қырағылық танытты. Осындай батыл шешім қабылдай білетін білекті жігіттердің арқасында құтқару жұмыстары сәтті аяқталды. Балық аулаймын деп төтенше жағдайға тап болған қала тұрғыны өмірін құтқарған қос тәртіп сақшысына шексіз алғысын білдірді.
Е.БЕРКІНБАЕВ