Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 31 газет

29 сәуір 2025 ж.

№ 30 газет

26 сәуір 2025 ж.

№ 29 газет

22 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 

Лида

Мен сендерге менің әйелім болуы, менің өмірімнің бақыты болуы мүмкін болған қыз туралы айтайын. Сакинатпен бақытсызбын деп отырғаным жоқ. Рас, мен оны жақсы көрем, біздің отбасымызда береке бар. Мен де жас емеспін, бізде бәрі кәдімгідей, қарапайым. Әйтпесе... Лида тағдырдың ұйғарымы бойынша, мен оған, ол маған бұйыруы тиіс еді. Біз бақытты да болатын едік. Осы өмірдің әрбір минутымен, өмірде болатын әрбір қуанышты сәтпен бақытты болатын едік. Сен біреуді сүйіп, немесе өзің сүйікті болғаның үшін бақытты болғандығың ғана емес, сол адамның осы өмірде болғаны, оны кездестіргенің үшін бақытты болатын сәттер болады.

Иә, бәрін ретімен айтайын. Менің бірінші әйелім Шуайнаттың қайтыс болғанына бірталай уақыт болды, әрине марқұмдар туралы жаман сөздер айтылмайды. Егер біз бір-бірімізді сүймеген болсақ, мен де, ол да кіналі емес. Біз дәстүр бойынша қосылғанбыз. Сендер тау халқының дәстүрін білесіңдер ғой балалар бесікте жатқанда атастырылып қойылады, міне осы кезден бастап балалардың бастарында еріктері болмайды.

Біз де осылай үйленгенбіз. Кейін үйренісіп кетеді, жақсы көріп кетеді деген ұғым, бәрі бос сөз. Біздің де үйленуіміз соның бір дәлелі. Шуайнат екеуміз екі түрлі жан едік, мінезіміз де, түсінігіміз де, көзқарастарымыз да әртүрлі еді, біз неғұрлым ерте ажырассақ екеумізге де жақсы болатын еді. Бізді ұстап тұрған ұлымыз еді, ол тыным таппайтын – Вагид. Жұмыстан қайтқан кезімде Шуайнат Вагид екеуі қақпаның алдынан күтіп алатын. Вагид кішкентай қолдарын жайып «Папа» деп алдымнан жүгіріп шыққан кезде, өзімнің әлгіндей ойларыма өкініп жүрдім. Менің сүйікті ұлым! Оның әкесі де, шешесі де жақсы адамдар. Оның әке-шешесі бір-біріне керек болмаса да, бұл балаға екеуі де керек болатын.

Бірақ мен, кей кезде ойлаймын, дегенмен Шуайнат мені сүйген болу керек. Әйтпесе, менің гардеробым түгел соның мойнында, менің қырынғанда себетін әтір алуға да, немесе, бет орамал алуға да уақытым болмайтын. Немесе тамағын түрлендіріп, барынша дәмді істеуге оны не итермеледі. Ал бұл үшін базарға, магазинге жүгіру керек қой. Мен істеген тамағын мақтап, рақмет айтқанда неге риза боп тыңдайтын еді? Ең ақырғысы, неге күн демей, қыс демей есіктің алдынан күтіп алып жүрді?

Бір жағынан менің еркелетуге анда-санда ғана қолым тиетіні, оның көңілінен шықпай жүрді. Тіпті әртүрлі сылтау айтып мұндайдан қашқақтайтын. Ол ешқашан өзінің сезімін білдіртпейтін, ал мен кешігіп келген кезде қызғанышын да білдірмейтін. Ол өзін әрқашан біркелкі ұстады, ал мен оның мұнысын немқұрайлылыққа жатқыздым. Мүмкін менің мұным дұрыс емес шығар, оның мұнысы менің оған деген көзқарасыма байланысты шығар? Кім білсін, бірақ біз мұны ешқашан біле алмаймыз. Дегенмен, біз тату тұрдық, сондықтан сырт көзге үлгілі жанұя болып көрінетінбіз.

Бәрі, менің Москваға біржылдық курсқа кететіндігімнен басталды. Мен қуана келіскен болатынмын. Бұл уақытша болса да, әлде бір белгісіз кезеңдерден, еңсені басқан бойкүйездіктен құтылып қалатын сылтау еді. Шынын айтқанда арқамнан бір ауыр жүк түскендей болды. Студенттердің арасында болатын бір мақал есіме түсіп тұр: «Әйел дегенің тұтқасы жоқ чемодан сияқты, алып жүрсең ауыр, тастайын десең қимайсың». Мінекей, біз екеуіміз осы чемоданды көтеріп жүрдік. Енді, міне бұдан да құтылатын болдым. Ұлыма қатысты, бұл жағдай мені онша ойландыра қойған жоқ, мен бір жола емес, бір-ақ жылға кетіп бара жатырмын ғой.

Мен Москваға көтеріңкі көңіл күймен кеттім. Мені онда шат-шадыман астана өмірі күтіп тұрды. Енді менен өткен бай адам жоқ: мына көшелер, алаң, парк пен стадион, бәрі-бәрі маған тиесілі. Бірақ ол кезде мен, мұның бәрін тағы бір адаммен бөлісетінімді, бұдан да өткен бай болатынымды білгенім жоқ...

Бәрі, достардың бастары қосылған шағын отырыстан басталды. Айырмашылығы бұл Жаңа жыл емес, ноябрь айындағы мерекелердің бірі болатын, бірақ бүгінгідей үшеу емес, он шақты, әлде он екідей адам болатынбыз. Мен кірген кезде бәрі үстел басында жайғасыпты, тек бір қыз ғана терезе жанында күйтабақтарды (пластинка) қарап тұрды. Мен тіпті пальтомды да шешіп үлгіргенім жоқ, «Сааду! Лида! Тезірек отырыңдар!» – деп айғайлап жатты. Ал мен бір орындықты жақындаттым да, Лиданың отыруын сұрадым. Осылай мен оның атын біліп алдым, әрі онымен қатар отырдым. Мен ол кезде өзімнің тағдырыммен бірге отырғанымды білгем жоқ. Мен терезенің алдында тұрғанда-ақ, Лиданың сымбатты екенін байқағам. Енді осы қатар отырған кезімде оның жүзін анықтап қарай бастадым. Бір қыздар болады, сен оның қасиеттерін, жаман жағын да, жақсы жағын да уақыт өте келе білесің. Өзің де бірте-бірте оған үйренесің. Ал бір күні ол қыз, нағыз сен іздеген адам екенін бір-ақ білесің. Сөйтіп, тұла-бойыңды кернеген дүлей сезім, көзге көрінбейтін бөгетті бұзып өтіп, оған ес-түссіз ғашық боласың. Немесе мынадай да жағдай болады, сен оны бір көргеннен-ақ ұнатып қаласың, бұл кезде сен не болғанын ойлап та, түсініп те жатпайсың, тек көзің ұйқыға кетер кезде оның сен армандаған қыз екенін, бұны тағдырдың өзі жолықтырғанын ойлап жатып ұйықтап кетесің. Және оны жер бетінің барлық байлығынан жоғары қоясың. Осыдан кейін, өзіңе деген сенімің жоғалып, бейшара күйге түскеніңді білесің.

Міне, Лида осындай жан еді. Оған қарағаным сол еді, көгілдір көздерін, алтын түстес шаштарын, менің бірдеме деп айтқан сөздеріме күлімсіреген сәл жұқалау еріндерін көрдім, – құдайым-ау мұндай да сұлу болады екен! Барлық сезім мүшелері бір жаққа жоқ болып кетті, менің көз алдымда оның жүзі мен күлімсіреген еріндері ғана қалды.

Егер сәл болмағанда бұл тұрысым ыңғайсыз болатын еді, бірақ бұл жағдайдан үй егесінің даусы құтқарып жіберді.
– Ей, Сааду есіңді жи. Естіп тұрсың ба?

Бәрі күліп жіберді. Лида да қосыла күлді. Мен қысылып қалдым, шамасы сырттан қа­рағанда бұл күлкілі болып көрінген болу керек.
– Қысылмай-ақ қой, Сааду, – деді қожайын, – бұл біздің бәріміздің басымыздан өткен. Лиданы алғаш көрген адамның бәрі осылай басын жоғалтып алады.

– Бәрі тағы дабырлай күлді де, тамақ алуға кірісіп кетті. Ал менің тұла бойым қуанышқа да, шаттыққа да толы еді. Лидамен емін-еркін шүйіркелесіп кеттік. Біздер бір кездерде бір-бірімізді жоғалтып алып, қайтадан табысқан жандардай едік.

Біреу күйтабақ қойған еді, танго болып шықты. Лидамен екеуміз бөлменің ішінде шыр айналып билеп жүрдік, біздің бұл биіміз жағасы қамысқа тұнып тұрған өзендегі қайықпен жүзіп келе жатқандай әсерлі еді. Тіпті Лиданың қолдары менің иығымда жатқан сияқты еді. Бірақ, мұның бәрі кейін, біз өмірге ғашық болатын, Москва түбіндегі дачаларда, жағасын қамыс басқан өзенде шомылып жүрген кездерде, бір-бірімізге өткен өмірімізді айтып, күнге қыздырынып жататын кезде болған еді. Ал қазір, биді аяқтамай-ақ, Лида екеуміз балконға шықтық, мен оған былай дедім:

– Лида айтшы, осы кезге дейін қайда болдың, қай жерде тұрдың, біз бұрын неғып кездеспегенбіз?
– Мен Москвада туып өстім, Никита қақпасы қасындағы көшеде, Дағыстанда болмағанмын, әйтпесе кездесетін едік, – деді Лида.

Бұл қалжың болатын. Бірақ шындыққа бергісіз қалжың еді. Біз тағдырдың жазуымен кездесуіміз тиіс еді, енді міне кездестік.

Осы күннен бастап біз Лидамен күнде кездесіп тұрдық. Біз «Электрозаводская» станциясында да кездесіп жүрдік, мен бұл жерге электричкамен, ал ол метромен келетін. Бұл маған жерастынан қазба байлық алып беріп жатқан транспортерға ұқсайтын. Эскалатор жоғарыға жаңа адамдарды әкеп тастайды, бірақ бұлар жай ғана дүниелер еді, ал маған нағыздың өзі керек болатын. Бұлардың арасында да әдемі қыздар, келіншектер кездесіп қалатын. Бірақ соларды еріксіз Лидамен салыс­тыратынмын. Қайда, Лида қайда, олар қайда. Біреуінің өзін ұстай білуі, біреуінің сымбаты, біреуінің киім киісі, тағы біреуінің... Құдайым-ау, оған ешқайсысы жетпейді!

Бақтияр МЫРЗАШ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
(Жалғасы бар)
Фото: Ашық дереккөзден

29 сәуір 2025 ж. 156 0