Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Біздің әлемге» қош келдіңіз!

«Біздің әлемге» қош келдіңіз!


Бір зауыттан шыққан бес мың теңге мен екі жүз теңге бір қалтада кездесіп қалыпты. Төс қалтадан «пәс» қалтаға түскен қызыл ақша бұл жақты біртүрлі менсінбеді. Арада біршама уақыт өткеннен кейін кездескен қос теңге бір-бірінен жөн сұрасты.
– Ооу, қызыл көке, армысыз, бармысыз?
– Бармыз, бармыз. Сары балапан-ау, мына түріңе не болған, әбіржіп кетіпсің, тұрқыңнан да түк қалмапты?
– Несін сұрайсыз, Сіздер секілді төс қалтада жүрмейміз. Кезінде дәуреніміз жүріп тұрған шақта адамдар күтіп ұстайтын еді, қазір бетімізге де қарамайтын болды. Қолдан-қолға жылдам өтіп, осындай қалталарда умаждалған сиқымыз осы. Өзіңіз әлі зауыттан шыққан күйіңізді сақтапсыз. Сіздерге көпшілік құрметпен қарайды ғой. Алайда, мына қалтаға келгеніңізге жөн болсын?
– Эхх, төбеден қарайтын едік, қазір төменге түстік. Біздің дәурен де өтіп барады деген сөз ғой. Қазір тұтас он мың, жиырма мың теңгелік ағалардың асығы алшысынан түсіп тұр. Сондықтан «жылы орынды суытып жатқан» жайымыз бар.
– Онда «біздің әлемге» қош келдіңіз! Кішкентай балалардың қолына түсіп қалмай аман-сау жүрсеңіз, көрер күніңіз жарық болар...
– Әй, бала, қылжақты қойып, «әлеміңмен» таныстыр.
– Қалай айтсам екен... Сиқымыз мынау, көрген күніміз осы. Әлгінде айтқандай қадіріміз кетті. Екі жүз теңге деген қазір ақша болыпты ма?! Тіпті, бес жүз теңге мен мың теңгелік көкелер де бүгінде базыналарын айтып жүр. Енді Сіз келгеннен кейін біздің халді пайымдаудың өзі қорқынышты. Кейбір кездері бел ортадан бөлініп қалатын кездер де жоқ емес. Ондайда қарапайым жандар қайта жалғап, қажетіне жаратады. Көріп тұрғаныңыздай түсіміз де оңып кетті, қадір-қасиет те қалмады.
– Иә, байқадым. Жағдай мәз емес екен.
– Сіз келген жақтың әлемі қандай? Алғашқы жылдары білетін едік, қазір ол жаққа бас сұқпағалы қай заман.
– Төс қалтаны айтасың ба? Ол жақта жағдай жақсы ғой. Құрметің болған соң сыйлы боласың. Ондағылар сендер секілді оңды-солды шаба бермейді. Тек аса қажет жұмыстарда «қызарып» немесе «көгеріп» шыға келеді. Әйтпесе, төс қалтада жата бергенді қалайды, адамдар да оларды сол жерден қозғағысы жоқ. Солай, сары балапан.
– Еее, сыйлы демесеңіз, біздегідей қызық өмір жоқ екен ғой.
– Несі қызық?
– Оны келесі кездескенде айтпасам, қазір кететін кез таяп қалды.
– Әлі кездесеміз бе?
– Ол жағын уайымдамаңыз, бұл жерге келгендер бір-бірімен жиі кездесіп тұрады, өйткені, – дей бергенде сарғайған екі жүз теңге қолдан-қолға жылдам өтті де кетті. Ал қызыл ақша алдағы күндерін топшылаған күйі қызарып қала берді.

Е.БЕРКІНБАЕВ


30 қазан 2018 ж. 1 507 0