Алматыда 3 мыңнан астам адамды кене шақты
Алматыда кене энцефалиті және Лайм ауруымен сырқаттанғандар саны артты. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Эпидемиялық маусымның басынан бастап, 13 қазанға дейін Алматының медициналық ұйымдарына кене шаққан 3068 адам жүгінді. Оның ішінде балалар саны - 1513. 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тұрғындардың кене шағуы 23,5% - ға артқан (2021 жылы - 2344 жағдай/ балалар саны-1260). Кененің шағуынан зардап шеккен 3066 адамға серопрофилактика жүргізілді (99,9%)»,- делінеді ведомство хабарламасында.
Биылғы жылдың 9 айында 100 мың тұрғынға шаққандағы 0,33 көрсеткішпен кене энцефалитінің зертханалық расталған 7 жағдайы тіркелді. 2021 жылдың сәйкес кезеңінде кене энцефалиті тіркелген жоқ. Сондай-ақ, мың тұрғынға шаққанда 0,42 аурушаңдық көрсеткішімен Лайм ауруының (кене боррелиозының) 9 жағдайы тіркелді. Бұл көрсеткіш 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,8 есе жоғары (3 жағдай, көрсеткіш-0,15) болды.
«Кене энцефалиті және Лайм ауруымен (кене боррелиозымен) ауырғандар медициналық көмек алу үшін травматологиялық пункттерге уақтылы жүгінбеген, тиісінше кенеге қарсы иммуноглобулин алмаған, сондай-ақ, профилактикалық мақсатта бұрын кене энцефалитіне қарсы екпе алмаған. Диагноз қойылған соң барлық науқастар қаладағы стационарларда ем алды, нәтижесінде сауығып кетті»,- деп хабарлады ведомствода.
Қала аумағында кене арқылы тасымалданатын аурулардың спецификалық емес профилактикасы мақсатында (2424,54 га алаңда) акарицидтік өңдеу жүргізілді. Саябақ және орманды аймақтар, адамдардың демалатын, жаппай жиналатын орындары өңделді.
Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті кене энцефалитінің алдын алудың негізгі шарасы вакциналану екенін еске салды.
Вакциналану курсы 1-7 ай аралығында екі екпе алудан тұрады. Кене энцефалитіне қарсы екпені жыл бойы алуға да болады, дегенмен, екінші екпеден кейінгі келесі екпені 2 апта өткен соң алған дұрыс. Ең қолайлы кезең - бірінші және екінші вакциналану арасындағы интервал, яғни, 5-7 ай (біріншісі күзде, екіншісі көктемде) болып табылады. Вакциналануды күзде бастау керек, себебі, эпидемиялық маусымның басында адам ағзасы иммундық қорғанысты дамытады және қауіпті инфекцияға қарсы тұра алады.
Тұрақты иммунитет үшін бір жылдан соң үшінші екпені алу керек. Кейін иммунитетті сақтау үшін үш жыл сайын ревакцинациялау жүргізу қажет. Қалада егуді тұрғылықты жері бойынша (немесе тіркелген жері бойынша) аумақтық емханаларда дәрігердің кеңесінен кейін тегін алуға болады.
«Вакцина алған адамдар ауырған жағдайда оларда ауру жеңіл түрде өтеді және салдары аз болады. Уақтылы вакциналану сізді және жақындарыңызды кене энцефалиті ауруынан қорғайды»,- делінген комитет хабарламасында.